Отандық зергерлік өнімдер шетелде сұраныста бар

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 45,8 млрд долларға жетті. Бұл 27%-ке артық көрсеткіш.

Иә, халық арасында да алтын құймаларға сұраныс артқан. Себебі бағалы металды инвестиция көзі ретінде ұстайтындар көп. Ал зергерлік бұйымдар нарығындағы ахуал қандай? 

Отандық зергерлерді қолдау керек

Зергерлік бұйымдар нарығын кешенді түрде зерттеу керек. Бұл қордаланған түйткілдерді анықтап, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан зергерлері лигасының төрағасы Дінмұхамед Табылды осындай пікірде. Ол салаға білікті мамандар, заманауи жабдықтар және тиімді маркетинг құралдары қажет, – дейді. Әзірге нарықта қанша зергер барын ешкім айта алмайды. Себебі нәсібін жасырын кәсіптен көріп отырғандар көп. Олар ЕАЭО аумағынан заңсыз тасымалданған бағасы арзан, сапасы төмен өнімдерді сатады. Салық төлемейді. Дінмұхамед Табылды көлеңкелі нарыққа ұрынған тұтынушылар отандық өндірушілерден де теріс айналып жатқанын айтады. Ол мәселені шешу үшін заңнаманы қайта қарау керек, – дейді. Бақылауды күшейтіп, отандық өндірушілерді қолдау маңызды.

 

Отандық зергерлік өнімдер нарығы

Отандық өндірушілердің әшекей бұйымдары шет елдерде сұраныста бар. Әзірге көп емес. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, былтыр 0,2 тоннасы сатылған. Бұл 8 млн доллардың өнімі. Оның басым бөлігі БАӘ-ге аттанды. Жалпы құны 2 млн 378 мың долларға тең. Тізімді Сингапур, Германия, Италия, т.б. жалғайды. Есесіне импорт үлесі басым. 2 тоннаға жуықтап қалды. Бас-аяғы 89 млн доллардан асатын бұйымды елге әкелдік. Бұл негізінен Италия, Франция, Ұлыбритания, Швейцарияның бағалы өнімдері.

 

Зергерлік бұйымдар экспорты:

0,2 тонна - $8 183 000

БАӘ - $2 млн 378 мың

Сингапур - $1 млн 547 мың

Германия - $1 млн 352 мың

Италия - $499 мың;

Тәжікстан - $359 мың

 

Зергерлік бұйымдар импорты:

1,8 тонна - $89 694 000

Италия  - $24 млн 388 мың

Франция - $24 млн 974 мың

Ұлыбритания - $11 млн 599 мың

Швейцария - $9 млн 295 мың

 

Якутия гауһарларына сұраныс көп

Оған қоса елде өтетін көрмелерге арнайы келіп, әшекей бұйымдарын сататындар бар. Ресейлік Светлана Максимова Якутия гауһарларын ұсынады. Нарықта жүргеніне 20 жылдан асқан. Қазір қолдан жасалған, сапасыз тастардың белең алғанын айтады. Себебі көпшілік шынайы бағалы тасты ажырата алмайды. Енді кәсіпкер тұтынушылар үшін қайталанбайтын, тек тапсырыспен жасалатын бұйымдарды шығара бастады. Дегенмен оңай емесін мойындады. Нарықтағы ахуал өте қиын. Әсіресе Ресейге салынған санкция салдары ауыр тиген. «Біз заң аясында жұмыс істейтін компания болғандықтан, сапасыз шикізатты қолдана алмаймыз. Гауһарды өте қымбат бағаға алып отырмыз. Бұйымдарымыз да қымбаттап жатыр», – дейді. Дайын әшекейді сақтандыру да қомақты қаржыны талап етеді. Дегенмен тұтынушылары бар, оның көбі Қазақстанда тұрады.

Светлана Максимова, ресейлік зергерлік бұйымдар өндірісінің жетекшісі:

- Біз Қазақстанда толайым саудагерлермен жұмыс істемейміз. Арнайы тапсырыс жасалса ғана өнімдерімізді жеткізіп береміз. Негізінен жоғары және орташа деңгейлі, бірегей өнімдер ғой. Оны негізінен жекелеген азаматтар алады. Бұл сырға, сақина және алқаға арналған бұйымдар. Жиынтық ретінде алатындар да бар. Білезіктерге сұраныс көп емес. Себебі өте қымбат тұрады. Баға гауһар тастың көлеміне қарай белгіленетіндіктен, ең кішкентай білезігіміз 700 мың теңге көлемінде сатылады.

 

Алтын құны өсіп жатыр

Бір жылда жаһандағы алтын құны 40 рет тарихи максимумды жаңартып, 44%-ке қымбаттады. Елдегі өсім 62%-ке жеткен. Қазір Ұлттық банк белгілеген баға бойынша 1 грамм алтын 47 мың теңгеден жоғары. Бір жыл бұрын 29 мыңнан сәл асқан. Нарыққа жаһандық бағам ғана емес, доллардың өсуі де әсер етті. Мамандар алтынды сенімді инвестиция деп бағалап отыр. Әлемдегі дағдарыс, инфляция, геосаяси ахуалға қарамастан бағалы металл құны өсіп жатыр.

Гүлбибі Батырқожаева, кәсіпкер:

- Мен 97 жылдан бері осы салада жүрмін. Кезінде Москваның заводтарымен жұмыс жасағанмын. Бәрі заңды түрде. Қазір осы жерден келіп аламыз. Әр ай сайын көрмеден алып тұрамыз. Соны апарып халыққа сатамыз. Бірақ алтынға деген сұраныс аз ғой қазір. Қазіргі таңда өзіне инвестиция ретінде алады. Өзін жақсы көрген әйелдер бриллианттарды жақсы алады.

 

Былтыр 1,7 тонна алтын құймасы сатылды

Былтыр Ұлттық банк 47 395 алтын құймасын сатқан. Оның жалпы салмағы 1,7 тоннаға жуықтайды. Азаматтар негізінен 10 грамдығын таңдайды. Бұл сатылған құймалардың 25%-не тең. 22%-ін 5 грамдығы қамтиды. Үштікті 100 грамдық құйма түйіндейді. Өлшемелі алтын құймаларының басым бөлігі Алматы, Шымкент және Қарағанды өңірлеріне жөнелтілді. Ал екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау орындары 71 мың данасын сатқан. Бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 7,9 тонна болатын 222 680 алтын құйма сатылған екен.