Елімізде май өңдейтін жаңа желі іске қосылады
Елде енді бірер жылда 5 млн тоннаға дейін майлы дақылдар өңделетін болады. Бұл үшін жаңа өндіріс ошақтары салынады, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорындар күнбағыс майы ғана емес, жоғары протеинді мал азығын да шығармақ. Дайын өнімге сыртқы нарықта да сұраныс бар.
Абай облысында жылына 72 мың тонна рафинадталған өсімдік майы шығарылады. Бұған қолданыстағы кәсіпорынның жаңа желісі сеп болмақ. Жоба құны 13,9 млн доллар, яғни, 7,2 млрд теңге. Нысан биыл іске қосылады. «Сұйық майға сұраныс көп», - дейді мамандар. Қазір зауытта тәулігіне 1200 тонна күнбағыс, рапс және зығыр дәні өңделеді. Нәтижесінде 522 тонна өсімдік майы, 430 тонна шрот шығарылады. Ал шикізат отандық шаруалардан, жетпегені Ресейден алынады. Дайын өнім ішкі нарыққа, артылғаны ТМД елдеріне, сонымен қатар Грузия, Үндістан, Италия, Қытай, т.б. мемлекеттерге жеткізіледі.
Май өңдейтін зауыттар көбейеді
Жоспар ауқымды. Майлы дақылдарды өңдеу зауыттары әлі де көбейе түседі. Себебі Қытай сияқты алып нарықтарда дайын өнімге сұраныс жоғары. Алайда, мәселе бар. Кәсіпорындарда шикізат тапшы. Бұл туралы Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының бас директоры Фарид Әбітаев айтты. Кедергіні жою үшін алқапты 15%-ке ұлғайту көзделеді. Мамандар күнбағыстың орташа өндірісі 1,7 млн тонна болса, өңдеу қуаты 3,8 млн тонна болатынын айтады. Қазір әлемде күнбағыс өндірісі 10%-ке азайған, бұл бағаның өсуіне әкелді. «Біздің елде өндірісті еселеуге мүмкіндік мол», - дейді мамандар. Бұл құрғақшылыққа да төзімді дақылды көптеп өсіруге көңіл бөлу керек.
Ядыкар Ибрагимов, Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы:
- Мемлекет басшысы экспортты еселеуді тапсырған болатын. Біз бұл міндетті аз уақытта орындап, көрсеткішті 2 есе арттырдық. Өткен маусымда 1 млн тоннасын сыртқы нарыққа шығардық. Қазір майлы дақылдарды терең өңдеуге көңіл бөліп жатырмыз. Биыл осындай 2 кәсіпорын іске қосылады. 2026-2027 жылдары тоң май шығару ойымызда бар.
Қазір елде 3,6 млн тонна май өңделеді
Қазір елде жалпы қуаты 3,6 млн тонна май өңдейтін 50-ге тарта кәсіпорын бар. Оның үстіне күнбағыс өсіру алаңдары да көбейіп жатыр. Былтыр 1,2 млн гектар аумақ қамтылса, биыл 1,5 млн гектарға жеткізіледі. Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, алдағы жылдары жаңа нысандар салынып, өңдеу қуаты 5 млн тоннаға жетеді. Оның ішінде сапалы мал азығын өндіруге де көңіл бөлінеді. Былтыр оның көлемі 700 мың тоннадан асқан.
Күнбағыс майы экспорты артты
Қазір отандық күнбағыс майын көп мөлшерде импорттап отырған елдің бірі – Өзбекстан. Мұнда былтыр экспорттың 38% жөнелтілген. Одан кейін Қытай нарығы тұр. Мұнда өнімнің 27% жеткізілді. Өнімнің құнына шаққанда біз үшін тиімді нарық аспан асты елі саналады.
Мұнда жыл сайын шамамен 18 млн тонна май жөнелтіледі. Тараптар байланысты нығайту бойынша бастамаларды қолға алып жатыр. Бұл қатарды Иран да толықтыруға ниетті. Олар әзірге 3,5 млн тонна дайын май өнімдерін алып отыр. Еуропалық одақ елдеріне өсімдік шроты кетіп жатыр. Орталық Азия елдері де отандық майдың негізгі тұтынушысы болып қала береді.
Зейнолла Әбдіманапов, ҚР Астық экспорттаушылары қауымдастығының төрағасы:
- Сол сұраныстың жоғарылығы біздің БАЖ-дың барына ешқандай бөгет болып отырған жоқ. Және де биыл өзіңіз білесіз, ылғалдықтың жоғары болғандығынан күнбағыс өнімі жақсы болды. Егер де біз жылына 1 млн тонна шамасында жинайтын болсақ, биылғы жылы 2024 жылы 1,5-1,6 млн тонна жиналды деген ақпарат бар.