Қазақстан Еуропа нарығын бағындырып келеді
Былтыр құрлыққа 22%-ға көп өнім жөнелттік.
Азия елдеріне тауар тасымалы сиреген. Әсіресе Оңтүстік Кореяға күрт азайыпты. Бұған не себеп?
Экспорт 1,3%-ға өсті
Қазақстанның сыртқы саудадағы бәсі биік. Былтырғы көрсеткіш 1,3 пайызға өсіп, 141 млрд доллардан асқан. Ұлттық статистика бюросы бұған бағаның өсуі де ықпал еткенін нақтылады. Сауда айналымы бойынша ірі серіктесіміз – Қытай. Ресей мен Италия да алғашқы сапта тұр. Дегенмен аталған нарықтарда дайын өнімнен гөрі шикізатқа сұраныс көп. Жалпы кейінгі жылдары Қазақстан мен Еуропа арасындағы сауда байланысы нығайған. Мәселен, былтырғы экспорт 48%-ға жетті. 40 млрд доллардың тауарын жөнелттік. Бұл алдыңғы жылдан 22%-ға көп. Мамандар аталған нарыққа мұнай жеткізу үшін Италия бағыты пайдаланылатынын айтады. Нидерланд мен Францияға да қара алтынды экспорттап отырмыз.
Азия елдеріне экспорт азайды
Азия елдеріне экспорт үлесі күрт төмендеді. Көрсеткіш 23 млрд долларға дейін түскен. Әсіресе Оңтүстік Кореяға мұнай тасымалы азайыпты. Оның жалпы экспорттағы үлесі 4,8%-дан 1,5%-ға дейін қысқарған. Жыл басында ел билігі Қызыл теңіздегі хуситтердің шабуылы салдарынан Қазақстан өнімдерін сатып алуды тежегенін хабарлаған еді. Екінші жартыжылдықта да кедергілер болған. Тіпті негізгі сауда серіктестеріміздің бірі Түркияға да экспорт төмендеді. Елдің үлесі 5%-дан 4,1%-ға қысқарып, жалпы сома 3,9 млрд доллардан 3,3 млрд долларға дейін азайды. Бұл жағдайға да мұнай экспортының төмендеуі айтарлықтай әсерін тигізді.
Жалпы былтыр ел 81,62 млрд доллардың өнімін сыртқы нарыққа шығарды. Бұл алдыңғы жылдан 2,5 млрд долларға көп. Негізінен металл, химиялық өндіріс өнімдері және көлік пен оның жабдықтары сатылған. Мамандар мата өнімдеріне де сұраныс артқанын айтады.
Сауда секторын жаңғырту қажет
Елдегі сауда секторын терең жаңғырту қажет. Себебі қазір толайым сауда үлесі басым. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік бермейді дейді сарапшылар. Жалпы саудадағы толайым сауданың үлесі 68%-дан асады. Өткен айдағы айналым 2,8 трлн теңгеге жуықтады. Бұл 3,8%-ға артық. Оның 81% азық-түлік емес тауарлар. Бөлшек саудада да өсім бар, бірақ айтарлықтай емес. Бұл бағытта азық-түлік тауарларына сұраныстың көптігі байқалады.
Лина Егель, Economykz порталының сарапшысы:
-Қазір толайым сауданың дәурені жүріп тұр. Қаңтардағы көрсеткіш 3,8%-ға өскен. Негізінен азық-түлік емес тауарлардың айналымы қарқынды. Ең жақсы көрсеткіш мегаполистерде байқалады. Негізі толайым нарық ірі қалалар мен индустриалдық тұрғыда дамыған.
Саудада жаңа талаптарға бейімделу керек
Биыл елде онлайн сауданың қыза түсетін түрі бар. Мамандар нарықтың басым бөлігін маркетплейстер жаулайды деп болжайды. Теңсіздіктің алдын алу үшін жергілікті билік өңірлердегі сауда секторын қолдауға көңіл бөлуі керек. Гипермаркет, аутлет және мамандандырылған дүкендерді дамытуға басымдық берілуі мүмкін. «Бұл заман талабы, жаңа талаптарға бейімделу қажет», - дейді сарапшылар.
Онлайн саудаға шағым көп
Кейінгі жылдары елде онлайн кәсіпкерлерге шағым көбейген. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің дерегіне сүйенсек, былтыр 14 мыңнан аса өтініш түсіпті. Бұл 2 есе көп. Сатып алушылар тауар мен сатушы туралы ақпараттың жоқтығына, тапсырыстың мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеуіне және интернет-дүкендердің ақшаны қайтарудан бас тартуына шағымданады. Осы ретте елде тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, аталған нарықты қолданушылар көбейді. Былтырғы сауда 3,2 трлн теңгені құрады.
Бұл ғана емес, елде бөлшек сауда, электрондық коммерция, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету, ұялы байланыс және медицина салаларындағы қызметтердің сапасына қанағаттанбайтындар көп. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне 62 мың азамат жүгінген. Нәтижесінде 2 млрд теңгеден асатын сома қалпына келтірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 200%-ға көп.
Дәурен Исмайылов, ҚР СИМ тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті басқармасының басшысы:
-Өткен жылғы 62 мың өтініштің 17-сі шамамен 45%-ы біздің аумақтық комитет тұтынушылардың талаптарын қанағаттандырды. 33%-дан астамына өз құқығын қалай қорғауға, өз мүдделерін қорғауға қатысты тиісті түсініктемелер берілді.