Маңғыстау облысында жылына 100 мың тонна балық өсіріледі

2030 жылға қарай Маңғыстау облысында жылына 100 мың тонна балық өсіріледі. Теңіз жағасында қазір 2 балық шаруашылығы бар.

Тұқы, бекіре тұқымы түрлерін көбейту үшін 1 тоған және 20 торлы шарбақ шаруашылығын құру жоспарланып отыр. Соның бірі «інжу-маржан» шығанағында салынып жатыр. Жылына 30 мың тонна балық өндіретін жобаны іске асыруға 27 млрд теңге инвестиция жұмсалады. Осы және өзге де ірі жобалармен  экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев танысты.

Нариман Жүнісов, ҚР Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:

- Республикада балық шаруашылығын дамыту бойынша бағдарлама әзірленді. 2030 жылға қарай өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін, оның ішінде Маңғыстау облысында жылына 100 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ірі жобаның бірі «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асады. Бұл жерде жылына 400 тонна тауарлы балық пен 50 тонна уылдырық өндіретін және бекіре тұқымдас балық түрлері өсірілетін зауыт салынады.