Эпидахуал валюта нарығына әсер етіп жатыр

Коронавирустың жаңа мутациялары кесірінен әлемдегі эпидемиологиялық ахуал валюта нарығына да кері әсерін тигізді.

Салдарынан инвесторлардың тәуекелге баруы сиреп, дамушы нарықтың қарқынын тежеді. Қаржы нарығындағы «дельта-қауіп» салдары мен оң болжам туралы келесі бейнематериалда

Шілдеде АҚШ долларының ЕМ (И-Эм), яғни дамушы елдердің валютасына қатысты индексі небәрі 1%-ке нығайды. Осының өзінде өткен ай қорытындысы бойынша дамыған елдер акцияларының индексі 1,72%-ке өсіп, MSCI дамушы елдер акцияларының индексі 7,04%-ке төмендеген. Елдің алтын валюта резервтері биыл 30 шілдеде 35 млрд АҚШ долларын құрады.

Нұржан Нұрғазин, ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:

– Ұлттық Банктің жуырдағы базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешімі халықаралық инвесторлар үшін теңгедегі активтердің тартымдылығын қолдайды, олардың әкелінуі жыл басынан бері 392 млрд теңгені құрады.

Мұнай өндіру саласындағы ахуал әлемдік валюта нарығындағы жағдайға байланысты шілдеде мың құбылғаны белгілі. ОПЕК елдерінің келісімдері туралы ақпарат пен дельта штаммның таралу қарқыны жайындағы жаңалықтар аясында қара алтын бағасы біресе өсіп, біресе түсіп отырды. Шілде соңында мұнай құны 1,6%-ке жоғарылап, баррелі үшін 76,33 АҚШ долларын құрады.

Нұржан Нұрғазин, ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:

– Валюта нарығында теңгерімсіздік байқалған жоқ. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау көлемі 1,1 млрд АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату 479 млн АҚШ долларын құрады.

Шілдеде шетелдік инвесторлардың Мемлекеттік бағалы қағаздардағы портфельдік инвестиция көлемі 822 млрд теңгеге дейін өсті.

Айта кеткен жөн, күні кеше Moody's халықаралық агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «Ваа2» деңгейіне дейін көтерді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек

Сондай-ақ...