Теңіз кенішінде жұмыс істейтін 39 мың адам жұмыстан қысқартылады

2022 жылы Теңіз кенішінде жұмыс істейтін 39 мың адам жұмыстан қысқартылады.

Кен орнындағы «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты жұмыстан босайтындардың 45 проценті атыраулықтар екен. Енді келер жылы өңірде жұмыссыздар саны күрт өсуі мүмкін. Жаңа жылдың алғашқы 3 айында 7 мың жұмысшы қысқартылады. Оның 3 мыңға жуығы Атырау облысының тұрғындары. Десе де «Теңізшевройл» компаниясы жұмыссыздар санының күрт өсіп кетпеуі үшін шаралар қолға алып жатыр. «Келешек кеңею» жобасын жүзеге асыру барысында 16 мыңнан астам адам компания есебінен оқытылыпты. Ал жұмыспен қамту басқармасындағылар жұмыстан босағандардың екі қолына бір күрек табылады деп отыр.

Еркебұлан Әбілқасымов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Қысқарған жағдайда, өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік бағдарламалар бар. Сол арқылы он екі мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз деген жоспар бар. Мұнай химия кешені саласында инвестициялық жобалар бар. Жасалып, енді жасалайын деп жатқан жобалар бар. Соның аймағында құрылыс кезінде жиырма мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз деген жоспар бар.