Бүлік кесірінен Алматы кәсіпкерлері 94 млрд теңгеге жуық шығынға батқан

Бүлік кесірінен Алматы кәсіпкерлері 94 млрд теңгеге жуық шығынға батқан

Бүлікшілердің кесірінен алматылық кәсіпкерлер 94 млрд теңгеге жуық шығынға батқан. Қалада 1600-ге тарта шағын және орта бизнес нысаны қирады. Кәсіпкерлердің басым бөлігі әлі қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен жоқ. Себебі қираған мүлік пен ұрланған заттарды құқық қорғау органдарының өкілдері тіркеуі қажет. Содан кейін ғана тазалау жұмыстарына рұқсат беріледі. Өйтпеген жағдайда, кәсіпкер үкімет тарапынан берілетін көмектен айырылуы мүмкін.

Тәртіпсіздік кезінде қатты бүлінген көшенің бірі Жібек жолы. Көше бойы дүкенге толы. Мұнда киім–кешек, алтын бұйымдарынан бастап қажеттінің барлығы сатылатын. Бүлікшілер солардың бірде-бірін сау қалдырмаған. Жолындағының бәрін жайпап өткен.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Бұл Арбат бойында орналасқан дүкендердің бірі. Мұнда тұрмыстық техникалық заттар, электрондық бұйымдар мен смарт телефондар сатылатын. Ал, қазіргі көрінісі осындай. Бүлікшілер бәрін тонап кеткен. Бірде бір тауар қалдырмаған. Кәсіпкердің айтуынша, шығын көлемі 90 млн теңгеге жуық.

90 млн теңге. Бір дүкендегі шығын. Осы сауда желісі186 млн теңге зардап шегіп отыр. 14 сауда нысанының алтауы тоналған. Бұзақылар алғанын алып, көтере алмағанын қиратып кеткен.

Дина Әуежанова, электронды техника дүкенінің директоры:

- 5 қаңтарда қақтығыс басталған кезден бастап, тонала бастады. Есігі ашық жатқан соң ішіндегі заттарды 3 күн бойы тоқтамай ұрлады. Өзіміз баруға қорықтық. Қызметкерлерімізді де жібермедік. Әлі ештеңеге тиіскен жоқпыз. Енді келіп жатырмыз. Қолдағы бар деректерді жинап полицияға өтініш жазбақпыз.

Ал Дмитрий Калашников өздеріне тиесілі электронды техника жөндейтін орталықтың тоналып жатқанын үйінен көріп отырған. Бейнебақылауда ғимаратқа кімнің кіріп шыққанын, нені алып жатқаны анық көрген.

Дмитрий Калашников, электронды техника жөндеу орталығының директоры:

- 5 қаңтарда бейнебақылау жүйесі әлі істен шыққан жоқ болатын. Қарап отырып ішіміз удай ашыды. Қолдан келер амал болмады. Біз компьютер мен ноутбуктарды жөндеумен айналысамыз және жаңасын сатамыз. Елдің жөндеуге өткізіп кеткен техникасын түгелдей үптеп кетті. Енді оны қалай қайтарарымызды білмеймін. Полицияға арыз жазып қойдық. Бірақ әлі ешкім келмеді.

Әскербек Насамбаев, қалалық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге қолдан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз. Хабарласқан бизнес иелеріне ең алдымен бүлінген нысандар мен мүлікті телефонға түсіріп алу қажеттігін айтып жатырмыз. Содан кейін құқық органдарына хабарлау керек. Қазір зардап шеккендер шығын көлемін есептеп жатыр. 

«Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының соңғы берген мәліметі бойынша 1578 нысандағы 1408 субъектіге залал келтірілген. Бұл шамамен 93,8 млрд теңге. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев

 

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Мемлекет басшысы мәлімдемесінің толық мәтіні

Үкіметтің жаңартылған құрамы бекітілді: толық тізім

Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымына тағайындалды.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Сонымен қатар Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланды

Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды.

Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар – Жалпыұлттық аза тұту күні

Кәрім Мәсімов тұтқындалды

ІІМ: «Дикий Арман» ұсталды