Ә.Смайылов: Инвестормен кез келген мәселені талқылауға дайынбыз

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында елдегі реформалардың инвесторларға әсері мен кәсіп көкжиегін кеңейтуге қатысты күрмеулі мәселелер қаралды.  Өткен жылы елімізде жалпы құны 3,6 млрд долларды құрайтын 44 жаңа инвестициялық жоба іске қосылған. Онымен қоса 55 млрд долларға 700-ден астам жобаның пулы пысықталды. Әйтсе де сыртқы инвестиция ағынын одан әрі ұлғайту керек. Осыған орай алдағы уақытта жоғары өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және көлік-логистика инфрақұрылымына инвестиция тартуға басымдық берілмек.

Келелі кеңесте премьер-министр елде жүргізіліп жатқан реформалар шетелдік инвесторларға үлкен мүмкіндік беретінін айтып, ел аумағындағы осыған қатысты туындайтын кез келген мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.