Биыл ішкі туризм жөніндегі көрсеткіш рекордқа жетті – министрлік

Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәліметті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл миллионға жуық шетелдік мейман Қазақстанға сапарлатуы мүмкін. Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туризм, спорт және белсенді өмір сүру салтына арналған халықаралық көрме кезінде осындай болжамын келтірді.

Айта кетерлігі, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға арналған мұндай шара тұңғыш рет қолға алынып отыр.

Белсенді өмір салтын насихаттайтын отандық тур өнімдер ұсыну. Бұл халықаралық көрмеге келген 50-ден астам туристік компанияның көздеген мақсаты. Ішкі туризмді дамытуға үлес қоспақ ниетпен олар тақырыптық стенд қойып, саяхаттың небір түрі жайлы ақпар ұсынуға кірісті.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰҚ» басқарушы директоры:

– Осы көрмеге келетін адамдардың саны 6-7 мың болады деп болжанып отыр. Барлығын қосқан кезде, оның ішінде қала тұрғындары бар, сырттан келетіндері де бар. Жылдан-жылға бұл көрме өсіп, алдағы уақытта толыққанды халықаралық шараға айналады деген сенімдемін.

Халықаралық EXPO көрме орталығында ұйымдастырылған іс-шара үш күнге ұласпақ. Мұнда туризм әлеуетін арттырудың жолдары пысықталады. Спорттық бәсеке ұйымдастырумен қатар, мамандар отбасылық, спорттық, экологиялық турларды жоспарлауға көмектеседі.

Ержан Еркінбаев, мәдениет және спорт вице-министрі:

– Биыл ішкі туризм жөніндегі көрсеткіш рекордқа жетті. Ел ішінде 6,9 миллион адам саяхаттап жүр. Шетелдік туристерге келсек, әлі талай іс атқару керек. Биыл шеттен жарты миллионнан бір миллионға дейін турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Әрине көрсеткіштің төмендеуіне пандемия кезінде шекараның жабылғаны себеп. Алайда қазір ол шектеулер алынып тасталған.

Айта кетерлігі, 74 мемлекет үшін визасыз кіру тәртібі қайта күшіне енді. Мұндай елдердің санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Тіпті визаны қашықтан алуға барлық жағдай жасалған.

Автолары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев