Петропавл тұрғыны шайырдан кәдесыйлар жасайды

Петропавл қаласының тұрғыны Агния Маркова эпоксидті шайырдан түрлі кәдесыйлар жасайды. Он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан көздің жауын алатын пішіндер шығады.

Агния Маркова бос уақытын осылай өткізеді. Ол осыдан 7 жыл бұрын бала күтімімен үйде отырғанда ерекше қолөнерге ден қойды. 3 баланың анасы эпоксидті шайырды пішіндерге құйып, түрлі бұйымдар жасайды.

Агния Маркова, қала тұрғыны:

- Әр бұйым өздігімен ерекше. Бояуларды араластырғанда бір-біріне ұқсамайды. Кішкентай ғана сыйлық болып көрінгенімен, таңғажайып дүние. Ең бастысы күнделікті күйбең тіршіліктен демаламын.

39 жастағы әйел физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ғылыми жұмыстан қолы қалт ете қалса, шығармашылықпен айналысады. Тіпті бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырды.

Агния Маркова, қала тұрғыны:

- Бұл жерде кептірілген гүлдер сақталған. Мен оларды шайырға батырып, түрлі кәдесыйлар жасаймын. Әдемі әрі мәңгіге қалады, ерекше сыйлық.

Қазір оның ермегі шағын бизнеске айналды. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар - қайталанбас сыйлық. Енді ол бұл іске кішкентай қызын да баулып жүр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков