Ә. Смайылов: бизнес негізсіз тексерілмейді

Енді елімізде ешкім бизнесті негізсіз тексере алмайды жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет кәсіпкерлерді қорғау үшін жаңа міндетті талаптар тізілімін жасап шығарды. Мамандар кәсіпкерлік қызметті реттеу кезінде 44 салаға жан-жақты талдау жүргізген. Нәтижесінде 10 мыңнан астам негізсіз талап анықталып, артығы реестрден алынып тасталды. Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында айтылды. Сондай-ақ өткен жылы мемлекеттік бақылаудың 35 саласы автоматтандырылды. Бұл бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтады. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған кешенді шаралар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санын 4,7 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Оны біз қажет кезде қайтадан қарап реттеп отыратын боламыз. Орынсыз бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде әрі қарай жүргізілетін болады. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді. Жалпы «таза парақтан» реформасы бизнес ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды.