Қармақшы ауданында бизнеске бет бұрған ауыл жастарының қатары артты

Қызылорда облысында бизнеске бет бұрған ауыл жастарының қатары артты.

Шағын кәсіпті ширату арқылы жұмыссыздық мәселесі шешілген ауылдар да аз емес. Соның бірі Қармақшы ауданындағы III Интернационал елді мекені. Мұндағы ізденімпаз жастар 20 миллион теңгеге жуық қайтарымсыз грантқа ие болып, тұрғындар сұранысына сай қызмет көрсете бастаған.

Темір тұлпарлары сыр берген III Интернационал ауылының тұрғындары бұған дейін  ондаған шақырым жердегі аудан орталығына немесе Қызылорда қаласына сабылатын еді. Елді мекеннен көлік жөндеу орталығы ашылғалы бұл мәселе шешімін тапты. Мемлекеттен миллион теңгенің үстінде қайтарымсыз грант алған жас механик автокөліктің кез-келген ақауын қалпына келтіретін құрал-жабдықтар сатып алған. Осылайша ауылдастарының сұранысына сай сапалы қызмет көрсетіп отыр.

Пазыл Ғазизұлы, кәсіпкер:

- Биыл мемлекеттен тағы 2,5 процентпен қаржы бөлінейін деп жатыр екен. Соны да алғым келіп отыр. Осыны әрі қарай дамытуға, үлкен қылып. Осындай тағы 2 бокс салсам жеп отырмын көктемнен бастап. Кем дегенде 5-6 адамды жұмысқа кіргізуге болады. 

Ауылдың тағы бір тұрғыны Ясин Мұратов асыл тұқымды қой өсіруді қолға алған. Ұсақ малды бордақылап, етін саудалайды.

Ясин Мұратов, кәсіпкер:

- Мемлекеттік бағдарлама 1 млн 225 мың алдық. Рақмет, көмектесті. Соның арқасында осы қой бағып, Гиссары бар, басқа тұқымы бар жәймен араластырып, жақсы тәуір тұқымға өтеміз.

Үшінші интернационал ауылы шағын бизнесті дамыту бойынша ауданда үздік көрсеткішке қол жеткізген. Былтыр бұл саладағы жылдық жоспар артығымен орындалған.

Нұрлыбек Саимов, III Интернационал ауылының әкімі:

- Өткен жылы 24 кәсіпкерді тіркедік. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламар шеңберінде 5 жоба 95 млн теңгеге несиелендірілісе, Ұлттық жоба аясында жұмыссыз 16 азамат 19 млн теңгенің грант иегері атанды.

Өткен жылы бизнестің облыс экономикасындағы үлесі 22 процентке жеткен. Кәсіптен нәсіп тауып  отқандар қатары 70 маңнан асқан. Оның ішінде ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары, дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев