Солтүстіктегі тауарлы-сүт кешенін көруге өңірлерден өкілдер барды
Елімізде «тауарлы-сүт кешенін ашамын» дегендерге мемлекет тарапынан жаппай қолдау көрсетілетін болды.
Яғни Үкімет салынған фермаларға 50 процентке дейін субсидия төлеуге дайын. Бұл пилоттық жоба осы күнге дейін тек Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асқан еді. Сондықтан оның тиімділігі мен маңыздылығын көру үшін аймаққа Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қостанай сынды бірнеше облыстан делегаттар барды.
Солтүстік Қазақстан – аргарлы аймақ. Астықпен қатар өңірде мал шаруашылығы да жанданып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда облыста 30 заманауи тауарлы- сүт кешені тұрғызылды. Солардың бірі Аққайың ауданында орналасқан. 2019 жылы мұнда Австриядан асыл тұқымды сиырлар әкелініп, жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтылды. Дегенмен, бұл салада маман тапшылығы байқалады.
Серік Тілеуленов, зоотехник:
- Ірі қараны сатып алуға, одан қалды сүтпен етке де мемлекет субсидия береді. Қазір біз күніне 10 тоннадан астам сүтті зауытқа өткіземіз. Бастысы өнім сапалы. Азық-түлік қауіпсіздігін қатамасыз ету үшін осындай кешендерді жаппай тұрғызуымыз қажет. Дегенмен, біздегі негізгі мәселе ол технологог, ветеринарлар сынды кадрлар жетіспеуі.
Бүгінгі күні өңір сүт өңдеу бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Жүздеген шаруа осы іспен айналысады. Былтыр олар шамамен 640 мың тонна сүт өндірген. Дей тұрғанмен, Қазақстан әлі де болсын импортқа тәуелділіктен арыла алмай келеді.
Берік Нығмашев, республикалық сүт палатасы директорының орынбасары:
- Сүт өнімдерінің импорты жоғары болып тұр. Яғни 30% дейін жаңағы ірімшік болсын, сүттен жасалған өнімдер болсын, олар импортты болып отыр. Қазір бізде сүт нарығы бар. Сол нарықты біз өзіміз қамтамасыз етуіміз керекпіз. Яғни азық-түлік қауіпсіздігі дейді ғой. Сол бірінші міндет.
Тауарлы-сүт кешендерін ашу бойынша пилоттық жоба соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанда жүзеге асты. Яғни бұл істі қолға алғандарға мемлекет 50%-ке дейін субсидия төлеп, төмен пайыздық несие берді. Енді аталған бағдарламаның шарапатын өзге өңірлердің де шаруалары көреді. Жалпы қазір елімізде ірілі-ұсақты 500 ферма болса, оның 100- і солтүстікте жұмыс істеп тұр.
Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков