«Теңізшевройл» компаниясы 100-ден астам әлеуметтік жобаны іске асырған
Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған «Теңізшевройл» компаниясы құрылған 30 жыл ішінде 100-ден аса әлеуметтік жобаны іске асырған.
Мемлекет бюджетіне 160 млрд АҚШ долларынан астам қаржы түскен. Бұл туралы «Теңізшевройлдың» мерейтойына арналған салтанатты жиында айтылды. Басқосуға облыс әкімі Серік Шәпкенов, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, ТШО компаниясының серіктестері мен мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты.
Ел игілігі жолында ілкімді істер атқарып отырған «Теңізшевройл» компаниясының өңір үшін маңызы жоғары. Облыс тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағыттылған «Игілік» бағдарламасының игілігін халық көріп отыр. Жыл сайын 25 млн доллар қаржы жұмсап, өңірде әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне күш салып келеді.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- 1993 жылдан бері компаниямен мемлекет бюджетіне 160 млрд доллардан астам кіріс кірген болатын. Компания тек қара алтында өндіріп қана қоймай, сонымен қатар бутан, пропан секілді өнімдерді еуропалық сапамен өндіріп, мұнайдың құрамындағы күкіртті кәдеге асыру мақсатымен түйіршік және қабыршақ күйіндегі өнімге айналдыру жөніндегі жобаны іске асырған.
«Теңізшевройл» Үкіметтік емес ұйымдар үшін де донорға айналды. 14 млн долларға 108 әлеуметтік жоба орындалды. Былтырдың өзінде 14 жобаның игілігін 100 мыңнан астам азамат көрген. Мұнайлы астанада өткен жиында аянбай еңбек еткен мұнай-газ саласының ардагерлері мен компанияның білікті мамандары марапатталды.
Руслан Қуатов, мұнай саласының ардагері:
- Қазақстан үкіметінің, басшыларының арқасында «Шеврон» компаниясы келді бізге. Содан бері көп өзгерді. Бүгін де айтылды. Ол кезде 50 пайыз қазақтар болған жұмыс істейтін. Көбі шетелдік. Содан кейінгі өзгеріс, қазір 95 пайызға дейін барды Қазақстанның адамдары.
Теңізшевройлдың білікті мамандар дайындауда да үлесі зор. 1993 жылдан бастап компания қызметкерлері мен облыс халқына арналған әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларға 2,7 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлген.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов