Алматы облысына қосымша дизель отыны жіберіледі
Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлайды.
Қазір өңірдегі қор 11 мың тоннадан асады. Бұл халықты, шаруашылықтарды іркіліссіз қамтамасыз етуге жеткілікті. Дегенмен жанармай құю станцияларында сұраныс арта түскен. Сол себепті кей бекеттерде тез таусылып қалып жатыр. Өйткені Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуына байланысты өңірге өнім жеткізуде шектеулер болған. Сондықтан отынды көп тұтынатын аудандарға көбірек жөнелтіледі. Қазір Атырау мен Павлодардан 5 мың тонна отын жолда теміржол арқылы бара жатыр. Бүгін Шымкент зауыты да жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, іске кірісті. Сол себепті демалыс күндері бірінші кезекте оңтүстік өңірлерге өнім жөнелте бастайды. Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінбек.