Кредиті бар немесе банкрот болып танылғандардың бәске ақша тігуіне тыйым салу ұсынылды
Букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және несие берешегі бар азаматтардан бәс тігуді қабылдауға тыйым салу керек.
Бүгін осындай депутаттық сауалды Жанарбек Әшімжанов премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады. Халық қалаулысы қаржы пирамидалары, онлайн казинолар мен өзге де құмар ойындардың жарнамасына да қатаң тыйым салуды сұрады. Өйткені оңай ақша табамын деп опық жеп қалып жатқан отандастарымыздың қатары күн өткен сайын артып келеді. Мәселен, былтыр ойын және букмекерлік қызметтер 554 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 52 млрд теңгеге аз болған. «AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институтының» жасаған әлеуметтік зерттеуінде респонденттердің 61%-і әсіресе ауыл тұрғындары елде букмекерлік кеңселердің жұмысына қатаң тыйым салу қажеттігін құптаған.
Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген. Біздің бесігіміз – жастар! Ал сол елге еге болады деген жастарымыз қоғам жылуын сезінбегендіктен есігі айқара ашық құмар ойындардың ошағындағы отқа жылынып жүр. Сондықтан біз Үкіметтен мына нақты іс-шараларды жедел түрде қолға алуын талап етеміз. Бірінші, қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек. Екінші, қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да құмар ойындарды жарнамалауға заңмен қудалау керек. Үшінші, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған «Lotomatic» секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек.