Еліміздің астығы Ресей бидайымен бәсекеге түсе алмай отыр
Отандық астықты сататын жаңа нарық іздеу және өнім көлемін ұлғайту.
Астанада өткен халықаралық конференцияда осы мәселе талқыланды. Алқалы жиынға кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме өкілдері, Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары қатысты.
Өткен жылы еліміз астықтан мол өнім алды. Бүгінгі таңда бір ғана бидай экспортының көлемі 6 миллион тонна. Шаруалар болса, бұл көрсеткіштің аграрлық ел үшін аз екенін айтады. Өйткені отандық диқандар жылына 8 миллион тонна бидайды шетелге сатуға қауқарлы екен. Алайда қазіргі геосаяси жағдайға байланысты мұндай көрсеткішке жету қиын, дейді.
Әлібек Алтай, ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмен болуы бізге қатты әсер етіп отыр. Өйткені солтүстіктегі көршілеріміз өткен жылы мол өнім жинады. Оған қоса геосаяси жағдайға байланысты дәстүрлі экспорт жолы жабылып, Орталық Азия нарығына ықпал етуде. Осыған байланысты шаруалардың өнімдері арзандап кетті.
Бүгінде Ресей астығының бағасы біздің өнімнен 30 пайызға арзан. Оған транзиттің тариф құнын қоса есептегенде де отандық өнім бәсекелестікке қабілетсіздік танытып отыр. Өткен аптада үкімет Ресейден автокөлікпен астық кіргізуге уақытша тыйым салды. Алайда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан импортты толық жауып тастауға қауқарсыз. Отандық астықтың сапасы мықты. Осыны алға тартып, Қытай нарығына шығуға мүмкіндік бар,-дейді мамандар.
Әлібек Алтай, ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Үш жылдық карантиндік шектеуден кейін Қытай нарығы ашылды. Сәуірден бері сынақ ретіндегі экспортты бастадық. Екі ел үкіметі арасындағы келісім арқасында осы айда 100 мың тонна бидайды жөнелттік. Қытай нарығына толық кірсек, біз үшін үлкен көмек болады.
Бұдан бөлек отандық шаруаларды астық нарығының алдағы 5-10 жылдық болашағы алаңдатуда. Өйткені, бәсеке күн санап артып жатқандықтан шикізат экспортының болашағы бұлыңғыр. Ал еліміз шикізатты өңдеуге әлі дайын емес. Оған қоса, мемлекеттік қолдау барлығына бірдей жетпейді. Банктік несиенің пайызын да, ауылшаруашылық техникаларының бағасын да шаруалардың қалтасы көтермей барады.
Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП Басқарма басшысының орынбасары:
- Өкінішке орай, өткен жылы импорттың көлемі 5 млрд доллардан асты. Экспорттың көлемі де әрі-бері 5 млрд көлемінде. Сондықтан бізге қазіргі мақстымыз осы импортты азайту, экспорттың көлемін ұлғайту. Енді шикізаттай шығармай, экспортқа шығарғанның өзінде дайын өнім жаңағы қосымша бағасы қосылған қымбат бағамен, қымбат заттармен шығару.
Қазір астық саласын арзан баға билеп тұр. Алдағы жағдайдың қалай өзгеретіні әзірге белгісіз. Мұндай жағдайда үкіметтің ауышаруашылығына қолдауы ауадай қажет, дейді сарапшылар.
Аршын Кемелжан, Кенже Амраев