Қазақстан АҚШ-қа 90 тауар түрінің экспортын арттыруға дайын
Қазақстан АҚШ-қа құны 800 млн доллар болатын 90 тауар түрінің экспортын арттыруға дайын.
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 40%-ға өсіп, 3,1 млрд долларға жетті. Сондай-ақ америкалық инвестиция екі есеге жуық ұлғайып, 5,1 млрд доллардан асты. Бұл — пандемияға дейінгі рекордтық деңгейге тең көрсеткіш. Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Бүгінде Қазақстанда 900-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді. «Біз Америка Құрама Штаттарымен бұған дейінгі тиімді ынтымақтастығымызды күн тәртібіндегі кең ауқымды өзара іс-қимыл бойынша одан әрі тереңдетуге және нығайтуға ниеттіміз», — деді Әлихан Смайылов.