Сенатта еліміздің инвестициялық хал-ахуалы сөз болды
Елімізге сыртқы және ішкі инвесторларды тарту мәселесінде институционалдық кедергілер бар. Сенатта кәсіпкерлер осылай деді.
Қалталылар өз құқығының заңдық қорғалу мәселесіне алаңдайды. Шетелдік инвесторлардың 60%-дан астамы елде әлі де бюрократия мен жемқорлық тәуекелдері барын айтқан. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сауалнама жүргізіп, осыны анықтады. Салық кодексі жиі өзгеріске ұшырауы инвесторлар үшін қолайсыз әрі олардың сеніміне селкеу түсіреді екен. Өйткені Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның салық заңнамасына 1400 өзгеріс енген.
Сәкен Жұмашев, Қазақстан мен Орталық Азиядағы KPMG басқарушы серіктесі:
- Екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруы жетіспеуінен мемлекет субсидиялауға қатысты жобаларға қаржы бөлуді өз міндетіне алды. Кейінгі 5 жылда ол артқанын көріп отырмыз. Өнеркәсіпке, импорт алмастыруға, экспорттық аксселерацияға инвестиция тарту мен дамытуға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар болжанған нәтиже бермеді. Импорттың үлесі әлі де жоғары. Ал салынған бюджет қаражатының экономикалық қайтарымы төмен.
Сенаттағы Үкімет сағатында еліміздің инвестициялық хал-ахуалы сөз болды. Депутаттар инвесторларды тартудың жаңа тетіктері мен әдістерін мүдделі мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор өкілдері, экономикалық сарапшылармен бірге талқылады. Алдағы уақытта елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер артады. Заңнамалық түзетулер енгізіледі. Инвесторларға арнайы экономикалық аймақтарда басымдық беріліп, техникалық шарттарды бекіту мерзімі қысқарады. Өнеркәсіп өндірісіне жеке инвесторларды тартуға басымдық беріледі.