Қазақстанда электрондық қалдықтардың 8% қайта өңделеді
Елде жылына 140 мың тонна электрондық қалдық жиналады.
Оның тек 8% полигондарға шығарылып, қайта өңделеді. Ал тұрмыстық қоқыстың 21% және өнәркәсіп қалдықтарының 38% ғана пайдаға жаратылады. Бұл туралы VII Еуразиялық жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу бизнес форумында айтылды. Халықаралық жиынға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, АҚШ пен Германияның Қазақстандағы елшілері және Еуропалық Одақтан, көрші Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген құрметті меймандар қатысты. Спикерлер саладағы инновациялық технологиялар туралы айтып, сәтті тәжірибелерін ұсынды.
Айжан Рысқұлова, Қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығы директорының орынбасары:
- Бірінші кезекте қоқысты шығару, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша қатаң заң нормалары қажет. Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту керек. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған контейнерлердің көп болғаны жөн. Бұл мәселеде барлық жауапкершілік әкімдіктерге жүктеледі. Үшіншіден халықтың мәдениетін арттыру қажет. Төртіншіден, логистика. Еуропада қалалар бір-біріне жақын орналасқан. Қазақстандағы облыс орталықтарының ара қашықтығы тым алыс. Оның үстіне қалааралық жол сапасы көңіл көншітпейді.