ШҚО-да тұрғындардың жылуға қарызы 700 млн теңгеден асқан
Шығыс Қазақстан облысында абоненттердің жылу электр станциясына берешегі 700 млн теңгеден асқан.
«Қордаланған қарыз инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарын кешеуілдетіп тұр» дейді мамандар. Олардың есебінше, коммуналдық кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындығы 50 пайызға да жетпейді. Берешек көлемінің тең жартысы жеке тұлғаларға тиесілі болып отыр. Көмір мен мазут сатып алу үшін кәсіпорындарға облыстық бюджеттен субсидия бөлінген. Өскеменде жылу энергиясы жетіспей тұр. Бұл тапшылықты жою үшін қаладағы басты жылу электр орталығы мен жаңа шағын аудандағы қазандықты жаңғырту жоспарланып отыр.
Дидар Кеңесбаев, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Өскеменде қазір 240 гигакалория жылу энергиясы жетіспейді. Жылу электр орталығын салу жобасы қаралып жатыр, бірақ ол күрделі, әрі ұзақ уақыт саралауды қажет етеді. Ал №2 жылу қазандығын қайта құру жоспарда. Сол арқылы ондағы өндіріс қуаты 100 гигакалорияға дейін арттыра аламыз.