Астанада Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы өтеді
Осы аптада, тамыздың 2-сі мен 4 аралығында Астанада Қазақстан мен Ауғанстан елдерінің бизнес форумы өтеді.
Оған 400-ден астам адам қатысады деп жоспарланған. Оның тең жартысы ауған тарапының өкілдері. Делегацияны сол елдің сауда министрі Нұриддин Азизи бастап келмек. Ауған делегаттарының барлығы да БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялық тізімдеріне енбеген. Яғни, жүріп-тұруларына ешбір шектеу жоқ. Бұл жөнінде бүгін еліміздің сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеді. Қазіргі таңда Ауғанстан қазақстандық ұнның негізгі тұтынушысы. Бүгінде осы тауар түрінің 70%-ын бізден импорттап отыр екен. Жалпы екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 1 млрд АҚШ долларына жеткен. Енді бұл көрсеткішті 3 млрд-қа дейін көтеру жоспарда бар. Сондықтан осы аптада өтетін бизнес-форумнан жақсы нәтиже күтеміз – дейді, жауаптылар.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Ауғанстанды сауда серіктесінен бөлек біз транзиттік ел ретінде де қарастырып отырмыз. Яғни, 220 млн халқы бар Пәкістанның нарығына шығуға болады. Ары қарай Гвадар мен Карачи порттары арқылы Үндістан, Таяу Шығыс елдеріне де тауар жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа әрі тартымды нарық болмақ.