Талдықорғанда бір күнде жиырмаға жуық жас тұрақты жұмысқа тұрды
Талдықорғанда бір күнде жиырма шақты жас тұрақты жұмысқа қабылданды.
Халықаралық жастар күніне орай қаладағы «Жастар» саябағында еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған жиырма мекеменің өкілі қатысып, ақпараттық технологиялар менеджері, аспаз, даяшы, қоғамдық қызметші, сатушы, мұғалім, және психолог сынды жүзге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Ал мемлекеттік мекеме қызметкерлері келушілерге «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірбиесі», «Ұрпақтар келісім шарты» жобалар жайлы кеңес берді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқыту және кәсіп ашу тетіктерін де түсіндірді. Осылайша жұмыс іздеген жастар мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ бір орталықтан мол мағлұмат алды.
Ақжан Қанатбекова қала тұрғыны:
- Мен өзім мұғаліммін. Бүгін жәрмеңкеге жұмыс іздеп келдім. «Бейби дэй» деген орталыққа сөйлестім. Ертең барып резюмемді өткіземін. Жұмысқа орналастым.
Еркебұлан Ақболатов "Жетісу жастары" КММ директорының орынбасары:
- Жыл басынан бері облыс аумағында 22 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылған. 187 азамат нақты тұрақты жұмысқа орналасты. Әлі жыл соңына дейін елуге жуық бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Ол тек қана ашық алаңда ұйымдастырылмайды. Біз түрлі форматты қолданамыз. Соның ішінде онлайн форматында өткіземіз.