Шетелден қайтып оралған отандастың кәсібі өрледі
Кезінде көп ақша, жайлы жұмыс іздеп Жаңа Зеландия асқан отандасымыз елге оралып кәсібін дөңгелетіп отыр.
Валерий Ким Шымкентте дәмханалар желісін ашқан.
Жалпы биылдыққа бұл шаһарда кәсіпкерлікпен айналысам деген 6 мыңнан аса тұрғын мемлекеттен қолдау сұрапты. Олардың көбі қайтарымсыз қаржыға сауда саттық және тамақтану орындарын ашқысы келеді.
Жаңа Зеландияға қоныс аударып, жоғары жалақыға жайлы жұмыс тапқан Валерий Ким көп ұзамай елге қайта оралды. Өйткені жат елдің жаңа мүмкіндіктеріне қарағанда бауырларына деген сағыныш басым түскен.
- Здравствуйте, как, получается, всё нормально?
Валерий Кимнің жетекшілігімен тағы бір дәмхана ашылғалы тұр. Қазір жаңа нысанның интерьері мен келушілерге ұсынылатын мәзір жан-жақты пысықталуда. Кәсіпкердің айтуынша барлық ұсақ-түйекке дейін баса мән беру керек. Сонда ғана ісің ілгері басып, келушілердің көңілінен орын табасың,-дейді. Ал бизнес бастап, оны дамытуға мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезінуге болады.
Валерий Ким, кәсіпкер:
- Жаңа Зеландияда алған білімімді бизнес құрып, ас мәзіріне өзгеріс әкелуге жұмсадым. Қазір біз ұсынған өнімдер жергілікті тұрғындардың көңілінен шығып жатыр. Туристерді де қызықтыратын тамақтану мәдениетінің ерекшектерін ескердік. Ал кәсіпкерлерге іс бастау үшін қолдау жоқ емес. Салықтық жеңілдіктер, субсидия сияқты көмек бар.
Алғашында Валерий үшін де еңбектің ебін, кәсіптің көзін табу оңай болған жоқ. Әуелі Елорда тұрғындарына түрлі қызмет ұсынып көрді. Кейін Шымкентке келіп, сусын сатты. Тамақтарды жеткізумен айналысты. Қазір дәмханалар желісін басқарып, мейрамхананың меңгерушісі болып отыр. 50-ге тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Осылайша жақындарының ыстық ықылысы мен қолдауын сезінгенде табысқа жету жолы жақындай түсті, дейді.
Валерий Ким, кәсіпкер:
- Мен өз елімді жақсы көремін және Шымкент қаласы қатты ұнайды. Мұндағы адамдардың мейірімділігі мен ашық қарым-қатынасы жұмысқа деген құлшынысыңды арттырады. Көптеген достар таптым. Олардың қолдауын сезінгенде өзге елге қайта кету туралы ойлаудың өзі қате.
Шымкентке соңғы үш айда 98 мыңнан астам турист келген. Оның 5 мыңға жуығы Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Қытай, Үндістан және Америка мемлекеттерінен табан тіреген. Туризм басқармасы саяхаттаушылардың сұранысы бойынша оларға тарихи кешендер мен табиғи орындар, гастраномиялық туризм бағыттары ұсынылған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов