Кәсіпкерлер: Импорт пен ішкі өнімнің бағасын теңестіріп берсе...

Биыл Шымкентте ауылшарушылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 2,3% өсім байқалды.

8 айда Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен өзге де мемлекеттерге 122 миллион доллардың өнімі экспортқа шығарылған.

Сондай-ақ жеміс пен көкөніс, сүт өнімдері, өсімдік майы мен қайта өңделген астықтың 40% ішкі нарықты қамтуға бағытталды.

Ал Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін алдағы үш жылда 70%-ға жеткізуді тапсырды. Бұл міндетті орындау үшін Шымкент қаласы өндірістік жоспар бекітіп, салаға басымдық бермек.

Шымкентте 200 гектардан астам жылыжай бар. Оның 83 гектары өндірістік бағытта салынып, аграрлық саладағы соңғы технологияларды пайдаланады. Шаруашылықтар тамшылатып суару, жасанды климаттық орта жасау жүйесі арқылы өндімділікті үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік алды.

Қазыби Жақсыбек, агроном:

- Тамшылатып суару арқылы қиярға керекті 13 элементті береміз. Жерден ерекшелігі сол. Ол өзіне керекті элементті алғаннан кейін өнімділікті жерге қарағанда 3 есе көп береді және транспортабельность – тасу, экспорттау өте тиімді болып келеді.

Осылайша бақша өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын қатары көбейіп келеді. Қалада көкөністі консервілейтін онға тарта зауыт іске қосылды. Бірақ кәсіпкерлер сауда белгісін шығару үшін әлі де шетелден келетін шикізатқа тәуелді. Шыны банкі мен темір қақпақтар өзге елден тасымалданады. 

Нұриддин Адинов, цех басшысы:

- Ол Ресейден келгенше жол шығыны өте қымбат болып кетеді. Қымбат айтады. Біздің өзімізде Қараханда шығарып жатыр материалдарын. Қараханда шығарып, Ресейге апарып сол жақта қақпағын басып, сол жақтан біз қайтып сатып алып жатырмыз. Өзімізде болса жақсы болар еді.

Қайта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындардың бір шоғыры бүгінде көршілес елдердің нарығына енуге талпыныс жасап отыр. Өйткені отандық өнім мен импорттық тауардың баға саясатында алшақтық көп. Салдарынан бәсекеге төтеп беру қиындап кетті,-дейді кәсіпкерлер.

Бақтияр Халмұрадов, кәсіпорын өкілі:

- Бізге ең бастысы осы Ресей болып тұр ғой қазір. Ресейден кіріп жатқан өнім бізден 30-40% төмен. Сол мәселені теңестіріп бере ма? Оларға салық салып па? Шешіп берсе. Әйтпесе, әрине субсидия алып жатырмыз.

Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін жандандыру мақсатында арнайы индустриалды аймақ салынып жатыр. Онда инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорындарды газ, су, жарықпен қамту ісі қарқын алды. Аумағы 132 гектар болатын кешенде 30-ға тарта кәсіпорын іске қосылады.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:

- 30-ға жуық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда соның ішінде төртеуі жұмыс істеп тұр. Орналастыру бойынша, жоба құрылысы мен тегістеу жұмыстарын бастады. Жалпы 40 млрд теңгеден асатын инвестиция тарту жоспарланған. 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп отырмыз.

Шаһарда 500-ге жуық агроқұрылым бар. Әзірге олардың 20% ғана өнімді қайта өңдеумен айналысады. Мемлекет басшысы өз жолдауында бұл саланы дамыту үшін шаруаларды ынталандыру мен салық саясатын қайта қарауды ұсынды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, «Хабар-24» Шымкент.