Ақтауда жол битумының өндірісі артады

Ақтаудағы жол битумын шығаратын зауыт өндірістік қуатын 500 мыңнан 750 мың тоннаға дейін көтереді.

Мекеме жұмысы жаз айларында қарқын алады. Ал қыста дайын өнімге сұраныс азаяды әрі қоймада сақтау қиынға соғады. Сондықтан алдағы 2 жылда өндіріске жаңа технологиялар енгізіледі. Бірақ оларды шетелден сатып алып зауытқа жеткізу үшін қомақты қаражат керек. Кәсіпорын тіршілігімен танысқан сенаторларға осы мәселе айтылды. Депутаттар «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына да барды. Бүгінге дейін 56 инвестор тіркеліп, 22-сі өз жобасын жүзеге асырған. Кәсіпорындар үшін арнайы құқықтық режим мерзімі 2028 жылы аяқталады. Инвесторлар оның уақытын ұзартуды сұрап отыр. Сенаторлар ұсыныс заңға өзгеріс енгізу кезінде ескерілетінін жеткізді. 

Асхат Қабашев, арнайы экономикалық аймақтың басқарма төрағасы:

- Қолданыстағы заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың мерзімі аяқталған соң осында индустриалды аймақ құрылады. Бұған дейін өз жобасын іске асырған инвесторлар мен басқарушы компания өз қызметін жалғастыра береді. Кәсіпорындардан салық және кедендік төлемдер сұралады. Ал заңға өзгеріс енгізіліп, арнайы аймақ мерзімі ұзарған жағдайда жаңа қатысушылар дифференциалды түрде таңдалады. Яғни, оның жобасы қай салаға қатысты екендігі және салынған инвестиция көлемі ескеріледі. 

Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы жылдары 4 мың шақырымға дейін жолды жөндеу жұмыстарына қазір ең үлкен проблема болып тұрғаны - бұл битум мәселесі. Мекеменің басшыларының айтуынша, сақтау арқылы оны қай уақытта да сатып алып, кез келген пайдалануға болады. Осыған байланысты оның логистикасын жеткізу мәселесін тездету туралы бізге сондай мәселе қойып жатыр.