Қызылорда облысы күріш орағын аяқтады
Сырбойылық диқандар қамбаға 500 мың тоннадан астам астық құйды.
Жалпы 193 мың гектар алқапқа дән сепкен егіншілер орта есеппен әр гектардан 66 центнерден өнім жинап отыр. Қырманды қызылға толтырған күрішші, агроном, сушылар жер-жерде ауыл күнін атап өтіп жатыр. Жомарт жерді идірген еңбеккерлер ұлттық спортта да қара жаяу емес екендерін көрсетті. Өңір шаруалары қазақ күресінен белдесу сайысын өткізіп, өзара мықтыны анықтады. Арқан тартысып, тоғызқұмалақ ойнаған диқандар шағын футболдан да шеберлік байқасты. «Алтын күз» мерекесі аяқталған соң егіншілер топырақ тыңайту жұмыстарына кіріседі.
Әбдуәли Нұрғалиев, күрішші:
- 76-дан 81 центнерге дейін өнім алған жігіттер бар. Келесі егіске жер көлемін бригадаларға бөліп, агрономияға, гидротехника саласына жақсы жұмыс істеліп, техника келіп жатыр. Алдағы көктемге каналдарды тазартуымыз керек. Жерді өртеп, тұқым дайындаймыз. Солардың бәріне уақыт керек, қыстай жұмыс болады.