Қазақстан Транскаспий дәлізін дамытуға басымдық береді

Қазақстан экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдеріне 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын.

Халықаралық көлік дәліздерін дамытып, алып нарықтарға төте жол ашуға да мүдделі. Бұл жайында үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Ташкентке сапары кезінде айтылды. Премьер-министр Өзбекстан астанасында ұйымның 16-саммитіне қатысты. Әрі бірқатар кездесу өткізді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылған бірлестік. Штаб-пәтері Тегеранда орналасқан. Құрамында Орталық Азия бестігімен қоса, Әзербайжан, Иран, Түркия және Пәкістан бар. Ұйым елдері жарты млрд халқы бар 8 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Демек көптеген өзекті мәселені өзара шешуге қабілетті. Ташкент бұл жолы бірлестіктің 16-саммитін әрі бірқатар мемлекет басшысын қабылдап жатыр. Қазақстан үкіметінің басшысы сапар аясында осы елдің президентімен де кездесіп, екіжақты сауда-саттықты ұлғайту жайын сөз етті. 

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың шамамен 70%-ы біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30%-ға артып, алғаш рет $5 млрд жетті. Біз өзара сауданы $10 млрд жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық, атап айтқанда, сауда, көлік және су шаруашылығы саласындағы уағдаластықтар жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Мұндай деңгейдегі байланыс экономикалық ынтымақтастық құрылымына біріккен тағы 8 мемлекетпен қолға алынған. Өзара алыс-беріс былтыр 16,5 млрд долларға жетті. Алайда биылғы 8 айда көрсеткіш сәл кеміді. Жағдайды жақсарту үшін еліміз бұл нарықтарға қосымша 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын. 

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық бере отырып, инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға белсенді түрде қатысуда. Оның әлеуетін арттыру мақсатында өткен жылдан бастап Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия мемлекеттері 2027 жылға дейін «тар» жерлерді синхронды жою және Орта дәлізді дамыту бойынша Жол карталарыніске асыруда. Олар маршруттың өткізу қабілетін  айтарлықтайарттыруға  мүмкіндік береді. Өзбекстаннан Қазақстанның батыс аймақтарына тікелей қатынасты қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Шалқар автожолы салынады, ол 8-ТРАСЕКА жол дәлізін құру жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді.

Ұйым елдерінің басым бөлігінде дүниежүзілік мұхитқа шығар жол жоқ. Сәйкесінше Қазақстан Транскаспий дәлізі және Батыс пен Шығыс арасындағы транзит жолдарын дамытуға басымдық береді. Қазір Каспий теңізіндегі порттардың әлеуеті артып, Қытаймен шекарада Орталық Азия үшін арнайы станция салу жоспарланған. Саммитте экономикалық мәселелерден бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та сөз болды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:

- Әлі күнге дейін кедергісіз сауда платформасын құруда көптеген шектеулер бар. Біз жағдайға тың көзқараспен қарап, оны ұтымды жаққа өзгертуіміз керек. Трансшекаралық бағыттардың мол мүмкіндігін ескере отырып, бірлескен туристік маршруттарды ашуды және «Жібек жолы» брендімен жалпы туристік бағдарламалар санын ұлғайтуды ұсынамын.

Саммитте сөз алған Иран, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Пәкістан басшылары Израиль-Палестина мәселесіне де тоқталды. Газадағы әскери іс-қимыл басталғалы мыңдаған адам қаза тапты. Қалалар қирап, бейбіт тұрғындар жапа шегіп жатыр. Ердоған мен Раиси қақтығысты тоқтатуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жария етті. Таяу Шығыстағы ахуалға Орталық Азия елдері де алаңдаулы. Қазақстан мен Өзбекстанның Палестина халқына Біріккен ұлттар ұйымы арқылы арнайы көмек жөнелткені сондықтан.

Рауан Мыңбаев