Ақтөбе облысында мүгедек жан жеке кәсіптен нәсіп тауып отыр
Мүгедектік жеке кәсіппен айналысуға кедергі емес.
Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тұрғыны Жанша Ерекешева шағын тігін цехын ашып, өзі сияқты жандарды жұмыспен қамтып отыр. Қиындыққа мойымай, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген кәсіпкермен тілшіміз танысып қайтты.
Мұғалжар ауданы Жаңатұрмыс ауылында туып өскен Жанша Ерекешева бала күннен қайсар болдым дейді. Аттан құлап, жамбасына зақым келген кезде дәл осы қасиеті тағдырдың тауқыметіне мойымауға сеп болған. Сол сәттен бастап, үйде көрпе-төсек тігіп, нәпақа табуға кіріседі. Нағашы әжесінен көрген өнерді еске түсіріп, анасының ескі іс машинасын қолға алған.
Жанша Ерекешева, кәсіпкер:
- Бұл деген шешеден, әкеден қалған мұра ғой. Оны мен ескерткіш ретінде сақтап қоямын. Бірақ қолданысқа болады. Егерде бұл жерде мына электр қуаты сөніп қалған жағдайда аяқпен тігуге келетін машина.
Қазір кәсіпкердің шағын цехынде 6 тігін машинасы бар. Қыз жасауынан бөлек киім-кешек пен мүгедектерге арналған көрпешелер сияқты түрлі бұйымдарды тігеді. Бұйымға сұраныс жоғары. Сондықтан еңбек биржасына өтініш білдіргендерді жұмысқа алады. «Жастар практикасы» сияқты мемлекеттік бағдарлама аясында келгендерге де білгенін үйретеді.
Несібелі Қожықова, тігінші:
- Қосымша тағы да үйрену үшін осы мүмкіндігі шектеулі орталығына келдім. Осы сентябрь айынан бастап қазіргі үйреніп жатқаным доп міне жасаулары, ою-өрнектерін қию, көрпелердің пішіндерін білу. Одан жаңағы махаббат көрпесін, шымылдық, соның барлығын, қоржындарды білем.
Соңғы жылдары шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған. Іс тігумен қатар кәсіпкерлікті де үйретеді. Аудандық «Ерікті мүгедектер қоғамының» жанындағы шағын цехте тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана тәлім ала алады.
Жанша Ерекешева, кәсіпкер:
- Аяқ астынан жарымжан болғанды көтеру өте қиын. Адам өмірге қайта келеді. Ауырады. Сынаққа сынбай көтерілгеннен кейін көптеген өзім сияқты мүгедектерді тігінмен айналыстырайын, осыларға кәсіп болсын, қосымша табыс болсын деп сол жобада бастағанмын. Мүмкіншілігі шектеулі жандардың осы жерде кәсіпкерлерін көбейту мақсатымыз.
Болашақта тігін цехЫне қосымша машинакалар алып, өндірістің ауқымын кеңейтуді ойлайды. Бұл мүмкіндігі шектеулі тағы біраз жан үшін табыс көзі болар еді дейді. Бастысы мүгедектерге өзіндік орны мен қоғамға тиер пайдасының мол екендігін жеткізу.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков