Қазақстан май өнімдерінің экспортын ұлғайтты
Көрсеткіш 70%-ке өсті.
Ұлттық май дақылдарын өңдеушілер қауымдастығы осындай дерек келтірді. Сарапшылардың айтуынша, экспорттың өсуіне күнбағыс дәнін сыртқа сатуға енгізілген баж салығы себеп. Мұндай шешім биылғы жылдың ақпан айында қабылданды. Нәтижесінде елде күнбағыс майының бағасы тұрақтанып, Ресей импорты біраз шектелді.
Отандық май өнімдері көбіне Қытайға жіберіледі. Сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан және Латвия елдеріне экспорт көлемі артқан. Қазақстандық өндірушілер жеткен жетістікке тоқмейілсімей, алдағы уақытта көрсеткішті бұдан да арттыруға күш салмақ.
Александр Яшков, Ұлттық майлы дақылдар өңдеушілер қауымдастығының атқарушы директоры:
- Жақын араларда май өнімдерінің шетелдерге сатылымы 700 миллион долларға жетпек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіп өнімдерін қайта өңдеуді 70% денгейіне жеткізуді, азық-түлік тауарлары экспортын ұлғайтуды тапсырған болатын. Май өндірушілер сол міндет үдесінен шығып отыр.