Батыста қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдер үлесі артқан
Батыс Қазақстан облысында қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінінің үлесі биыл 60% жеткізілмек.
Осыған орай «Ауыл аманаты» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді. Өңір басшысының айтуынша, облыста 270 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс істейді. Биыл 44 кооператив құрылған. Сонымен қатар азық-түлік тауарларының 7 түрін облыс өзі өндіреді. Тағы 8 түрі бойынша 75% дейін өз-өзін қамтиды. Сондай-ақ 2026 жылға дейін көкеніс алқабын ұлғайту жоспарда тұр. Аймақта ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру бағытында ұзындығы 185 шақырымдық 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде ұзындығы 66 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары аяқталған.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Ұзындығы 76 шақырымды құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жобалық құжаттамалары әзірленуде. «Аталған жобалар Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, көршілес елден сатып алынатын Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін 178 шақырым Киров-Шежін суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы IV кезеңі аяқталды. Осы жүйе аясында сыйымдылығы 63 млн текше метрлік Киров су қоймасы қайта жаңғыртылуда, сонымен қатар сыйымдылығы 28 млн текше метр болатын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарлануда.