Қазақстан-Қытай іскерлік қатынасы бекиді

Индустрияландыру мен инвестиция бойынша бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесі кеңейіп, 2026 жылға дейінгі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойылады.

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен кездесуінде айтылды. Келіссөздер барысында қос тарап сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдениет және басқа да салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ екі елдің кеден қызметі шекарадағы автомобиль бекеттерінің өткізу қабілеті мен жұмыс уақытын ұлғайту туралы келісімге келген. Атап айтқанда, «Нұр Жолы – Қорғас» өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істей бастаса, қалған автокөлік бекеттері 12 сағаттық 7 күндік жұмыс кестесіне көшті. Сондай-ақ Әлихан Смайылов елдер арасындағы әуе рейстерінің санын одан әрі арттырудың және энергетика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Екі жақты тауар айналымы жақсы қарқынмен артып келеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 35%-ке артып, $24,2 млрд-ты құрайтын таңғажайып нәтижеге жетті, биыл да қарқынды өсу жалғасып жатыр. 10 ай ішінде өзара сауда-саттық тағы 24%-ке өсті. Осындай қарқынмен біз жақын арада екі елдің мемлекет басшылары белгілеген тауар айналымын $40 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізе аламыз деп санаймыз.