Елімізде зәйтүн майы өндіріледі

Қазақстан – зәйтүн өндірісіндегі халықаралық орталыққа айналуға қауқарлы.

Грузиялық инвесторлар осылай деп отыр.

Өсімдіктің бұл түрін өсіру үшін елімізде қажеттінің бәрі бар. Сондықтан өзара серіктестіктің келешегі зор.

Грузия фермерлерінің зәйтүн өсіруде тәжірибесі мол. Қазір елде мұндай ағаш саны 200 мыңнан асады. Осылайша олар осы өнімді өндіруші ел ретінде Грекия, Италия, Испания және Индонезиямен қатар ең үздік бестікке кіріп отыр.

Сарапшылар грузияда өсетін зәйтүннің дәмі мен сапасы ерекше екенін айтады.

Ника Маркозашвили, зәйтүн өңдеу зауытының директоры:

- Зәйтүн – климат талғамайтын өсімдік. Грузия ауа райына тез бейімделіп кетті. Еккеннен кейін 3 жылдан соң өнім бере бастайды. Ол тіпті шөлейт жерде де өсе береді. Бір ағаштан 50 келі зәйтүн жинауға болады.

Зәйтүн өсіретін бір алқаптан түсетін табыс 15 мың долларға дейін жетеді. Мақтамен салыстырғанда табыс 10 есе жоғары. Грузин компаниялары жергілікті әріптестерімен бірге Қазақстанда 10 мың көшет отырғызған. Келешекте тағы 50 мың ағаш егу жоспарда бар.

Георгий Сванидзе, зәйтүн жөніндегі халықаралық кеңестің президенті:

- Қазақстандық зәйтүн майы ең үздік өнім болатынына күмәнім жоқ. Өйткені сіздерде жер құнарлы, ауа райы қолайлы. Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстанда ағаштар жақсы өсіп жатыр.

Грузиялық инвесторлар екі жылдан кейін Қазақстанда май өңдейтін зауыт ашуға ниетті. Сонымен қоса косметика мен иіссулар өндіруді жоспарлап отыр. Келешекте Қазақстан зәйтүн өндірісіндегі халықаралық орталыққа айналып, өнімдерін көрші мемлекеттерге де экспорттай алатын әлеуетке  ие болмақ. 

Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили, «24.KZ», Грузия.