Өңдеу өнеркәсібінде 126 жаңа жоба іске қосылды
Биыл елімізде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 488 млрд теңге болатын 126 жаңа жоба іске қосылды.
8,9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Жұмысқа орналастыру шараларымен қалалар, моноқалалар және ауыл тұрғындары қамтылып жатыр. Primeminister.kz редакциясы жылды қорытындылай келе, отандық өнеркәсіпте қол жеткізілген нәтижелерге шолу жасады.
Мәселен, тамыз айында Дөң тау-кен байыту комбинатының жиналған шламдарын өңдейтін фабрикасы, қарашада Қарағанды облысында арнайы кокс шығаратын ауқымды жоба техникалық түрде іске қосылды. Бұдан бөлек, Жетісу облысындағы керамикалық плитка өндірісінің қуаты жылына 1,2 млн шаршы метрден 3,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Биыл еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған және халықтың өмірін жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық модельге көшуді бастады. Ол үшін еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға баса маңыз берілген құрылымдық экономикалық реформалар белгіленді.
Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті