«Ауыл аманаты»: 93 жылыжай салынды
Суды ең тұтынатын саланың бірі – ауыл шаруашылығы.
Бірақ ауыл шаруашылығындағы судың 40%-і босқа ысырап болып жатыр.
Суы жоқ шаруаның ісі де алға баспайды. Ал Қазақстан агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ке жеткізуді көздеп отыр.
Сондықтан ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеп, өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға мән беріледі.
Мәселен, былтыр Ақтөбе облысында 100-ге жуық жылыжай ашылды. Көкөніс алқаптарының жалпы көлемі 12 мың шаршы метрден асады. Өнімнің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзан.
Гүлжанат Сукулова: «жылыжайдың алғашқы өнімін жаңа жыл алдында ғана тердік», - дейді. 300 шаршы метр жерден әзірге 12 келі қияр алған. Маусымында кемінде 50-60 келіге дейін жинауды көздеп отыр. Жергілікті сауда орындары мен мейрамханалардан тапсырыс та түсіп үлгерген.
Гүлжанат Сукулова, кәсіпкер:
- Жылыжай шаруашылығымен бұрын-соңды айналыспаған соң сапасынан күмәнданғанымыз рас. Ауылдастарымызға ұнамай қалады ма деп те ойладық. Бірақ күдігіміз бекер боп шықты. Қазір кәсіпкерлерден тапсырыс түсіп жатыр. Химиялық қоспасыз таза өнім, әрі бағасы да қаладан тасығаннан арзанырақ.
Тұрақты табыс екендігіне көзі жеткен шаруалар қазір өңірдің әр ауылында жылыжай ашуға талпынып жүр. Мәселен, тек Қобда ауданының өзінде былтыр 12 қожалық іске кіріскен. Нәтижесінде нарықты жергілікті көкөніспен қамту деңгейі 60%-тен асты. Бұдан бөлек, тұрақты жұмыс орындары да бар.
Күнзия Төлешева, Қобда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Әр ашылған жылыжайға 1-2 жұмысшы қабылданады. Біздер қазір көбіне мансап орталығы арқылы, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бізде жылына 60-70 жаңа жұмыс орындары ашылды деуге болады.
«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста былтыр 93 жаңа жылыжай салынды. Дені жеке қосалқы шаруашылық ретінде тұрғындардың аулаларында орналасқан. Көкөніс алқаптарының жалпы көлемі 12 мың шаршы метрден асты. Нәтижесінде қыс мезгілінде бағасы шарықтап кететін жергілікті өнімнің құны биыл импорттық тауардан әлдеқайда төмен саудаланып жатыр.
Айбат Ербазиев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Сырттан келетін қызанақтың бағалары 700-1000 теңгенің арасында. Келген өнімнің сортына байланысты. Ал жергілікті өңірде қызмет атқаратын жылыжайлардың өнімдері, қызанақтары 500-600 теңгенің маңайында қазір сатылып жатыр тауар өндірушіден.
Былтыр Ақтөбе облысындағы жылыжайларда 18 700 тонна қызанақ пен мың тонна қияр өсірілген. Дені өнеркәсіптік үлгідегі ірі кешендерге тиесілі. Алайда биылдан бастап бұл үрдістің өзгерері сөзсіз. Себебі соңғы жыл ішінде салынған 100-ге жуық шағын жылыжай өнімдері сауда сөрелеріне жаңа жыл қарсаңында ғана жеткізіле бастады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.