БҚО-да жұмыртқа қымбаттады

Шынымен уақыт тез өтеді.

Көзді ашып жұмғанша талай өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында жұмыртқа қымбаттап кетті. Бүгінде Орал қаласындағы сауда сөрелерінде жұмыртқаның 10 данасы 800 теңгеге дейін жеткен.

Бағаны ырықтандыру мақсатында қазір «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті құс фабрикасы арасындағы келісімге сәйкес күн сайын сауда желілеріне 20 мың дана жұмыртқа 43 теңгеден шығарылуда.

Оралдағы құс фабрикасының алдында күнде осындай кезек. Шағын дүкендері бар жеке кәсіпкерлер де, балаларының нәпақасын ойлаған тұрғындар да осы жерде. С2 санатты майда жұмыртқалар 480, С1 санатты, яғни салмағы 55 граммнан жоғары ірі жұмыртқалар 540 теңгеден сатылады. Бірақ соңғысына шектеу қойылған. Бір қолға 3 кассеттен артық берілмейді.

Галина Южасова, қала тұрғыны:

- Зейнеткерлердің негізгі тамағы сүт, нан, жұмыртқа ғой. Дүкеннен алсақ қымбат. 650-700 теңгеге дейін барады. Сосын қаланың шетінде болса да арзанға алайық деп құс фабрикасының өзіне келіп тұрмыз.

Мереке Кадыров, қала тұрғыны:

- Дүкенде 70 теңге, мында 48 теңге. Сол алып жатқам. Бүгін келіп едік, кезек. Былай уақытта кезек болмайды. Артық сұрағам жоқ. Үшеуін алдым.

Ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы жылына 186 миллион дана жұмыртқа тұтынады. Өңірдегі екі ірі құс фабрикасының қуаты 156 миллион дана. Қалған 30 млн дана жұмыртқа жазда жеке үй шаруашылықтарында өндірілсе, қыста өзге облыстардан не шекараның арғы жағынан әкелінеді. «Былтыр Ресейде жұмыртқа құны 40% өскені мәлім. Қазіргі қымбатшылық соның салқыны. Әйтпесе біз бағаны өсіргеніміз жоқ», - дейді құс өсірушілер. Қазір «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен құс фабрикасы арасындағы келісімге сәйкес айына 600 мың дана жұмыртқа нарыққа арзан бағамен жеткізілуде. Бірақ алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында шектеу қойылған.

Дамир Ашығалиев, құс фабрикасының қожайыны:

- Бүкіл көлемі біздің контрактімен «Ақжайық» ӘКК-мен 4 млн жұмыртқа. Оның қазіргі күнде 1 млн 800 мың үстінде жеткізіп тастадық. Қалғанын мамырға дейін жеткіземіз. Қазір 43 теңгеден сатып жатырмыз. 10% қосады дүкендер, сонда 473 теңге болады 10 данасы.

Мейірбек Нұркен, ӘКК департамент директоры:

- Шектеу бойынша жаңа жыл қарсаңында басқа кәсіпкерлер не месе өзіміздің азаматтарымыз одан да жоғары бағамен сатпау мақсатында шектеу қойған болатын, бір қолға 10 дана деген. Қазір 1 қаңтардан бастап аталған шектеу алынды. Яғни бір кісінің қолына 30 дана жұмыртқа алуға рұқсаты бар. Яғни, сауда-саттық болғасын шектеу қоюға тура келеді.

Дегенмен, өзге елдің тауары нарықты түгел жаулап алды деп айтуға ерте. Себебі тәулігіне 50 дүкенге жеткізілетін 20 мың дана арзан жұмыртқа тұрғындарға түгел жетпесі анық. Содан да шығар сауда сөрелерінде жұмыртқаның 10 данасы 700, тіпті 800 теңгеден де сатылып жатыр.

Эльмира Қиматова, БҚО Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:

- Жұмыртқаның «С1» санаты әлеуметтік маңызды тағамдар тізіміне кіреді. Сол себептен күн сайын мониторинг жасап, бағаны бақылауда ұстауға тырысамыз. Соның ішінде тұрақтандыру қорынан арзан бағамен жұмыртқаның жеткізілуін және сатылуын қадағалаймыз. Кәсіпкерлерге ескертеріміз, әлеуметтік маңызды тауарды өндірушінің бағасынан немесе көтерме саудадағы бағадан тек 15% ғана өсіріп сатуға болады. Одан артық құнын көтерсеңіз, заңда әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Өткен жылы департамент өкілдері «Сауда қызметін реттеу» заңын бұзған 13 кәсіпкерді әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 204-бабы бойынша жауапқа тартыпты. Алайда қазіргі бағаның өсуіне қарап айыппұлға айылын жиғандарды аңғару қиын.

Е.Жылқайдарұлы,Е. Меңдіғалиев, Э, Аюпов