Ел экономикасында өсу қарқыны байқалады
Биыл ел экономикасы кемінде 5,3% деңгейінде өседі деген болжам бар.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі Telegram арнасында мәлімдеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні экономиканың өсімі 5,1%-ті құрады. Негізгі салалардың барлығында оң қарқын байқалады, делінген ресми хабарламада. Атап айтқанда, құрылыс 13,3%, сауда-саттық 11,3%, ақпарат және байланыс қызметтері 7,1%, көлік қызметі 6,9%, ал өнеркәсіп саласы 4,3%-ға өскен.
Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көш бастап тұр. Олардың жылдық көлемі 26-28 млрд АҚШ доллары шамасында. Ал еліміздің халықаралық резервтері 96 млрд-ты құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд-тан асты. Ендігі міндет – инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстап тұру. Үкімет Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген міндеттерді іске асыруды жалғастырып жатыр. Аталған жұмыс экономиканы белсенді әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және азаматтардың әл-ауқатын едәуір жақсартуға бағытталған. Мұның бәрі 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есе арттыруға берік негіз болады, - дейді Үкімет.