Президент мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалауды тапсырды
Олқылықтарды болдыртпас үшін мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру қажет.
Кейде тапсырыс беруші де, алушы да бармақ басты, көз қысты әрекетке жиі баратын көрінеді. Соның кесірінен жүйе қоғамның сынына қалып жүр. Сарапшылар: «заңда олқылық көп», - дейді. Бұл мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да көтерді. Ол Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасын жетілдіруді тапсырды. Әуелі аудиторлардың қызметін реттеу керек.
Мемлекеттік сатып алу жүйесінің машақаты көп. Білместік пе, білгіштік пе, әйтеуір елдегі шенді-шекпенділер тапсырысын нарықтағы бағадан қымбатқа көрсетіп, бюджеттің 40 млрд теңгесін шығындай жаздады. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аңғарыпты. Тексеріс кезінде кеңсе тауарлары, жанар-жағармай, техника мен азық-түлік алуда бюджеттті жөнсіз жоспарлағандар анықтылды.
Мысалы, Қостанайда аудандық білім бөлімі литрі 250 теңге болатын дизельді 580 теңгеден сатып алмақ болған. Ақтөбеде облысында да бағаны қолдан көтеру дерегі анықталды. Ондағылар медициналық қорғаныш костюмін алуға 15 млн теңге қаржы бөлген. Ал оның нарықтағы орташа құны 6 млн теңге екен. Мұндай фактілер елдің әр өңірінде кездеседі.
Арман Тлеукенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- 2023 жылдың қарашасында «Түркістан» ӘКК» АҚ өз веб-сайтын қайта құру қызметі бойынша 11 миллион теңгеге лот ойнатуды жоспарлаған. Мұндай қызметтер нарықта 5 миллион теңге тұратын болса, бұлар 7 млн-ға сомасын көбейтіп жіберген. Сонымен қатар Антикордың араласуымен бұл сома қайта мемлекетке оралды.
Арагідік белсенділер мен сарапшылар да талай былықтың бетін ашып жүр. Әділдік жолы ұйымы 2022-2023 жылдары мемлекеттік органдармен бірлесіп, 207 млн теңгені бюджетке қайтарды. Қазір мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Осы тұрғыда сарапшы: «бір көзден шарт жасасуды доғарып, бәрін бәсекелестік ортаға беру керек», - дейді. Конкурс өткізбей, тапсырыс берушімен тікелей келісімге келудің ақыры жемқорлық әкелуі мүмкін. Сондай-ақ кей кезде кінәлі жазадан жеңіл құтылып кететін көрінеді.
Ербол Сардарбеков, «Әділдік жолы» РҚБ Талдау және мониторинг департаментінің басшысы:
- Қазір қылмыстық іс қозғау үшін нақты дәлел керек. Қылмыстың құрамында шығын болуы шарт. Алайда мемлекеттік сатып алуда заңбұзушылық анықталса, кез келген кінәлі тұлға шығынды өтей алады. Демек шартты түрде шығын болмайды, тиісінше қылмыстық іс қозғалмайды. Заңдағы мұндай нормалар керіағар түсінікке әкеп соғады. Иә, бір жағынан шығын тез өтеледі, бірақ істі қозғауға да кедергі келтіреді. Құзырлы органдар осы нұсқаулық пен нормаға тәуелді.
Мемлекеттік сатып алу – жемқорлыққа әбден батқан сала. Экономист Айдар Әлібаев осылай деп жүйені түбегейлі өзгертуді ұсынды. Әсіресе құрылыс пен жол жөндеу ісіне сұрақ көп. Мұнда бір көзден келісімге келуге болады. Ал сапасы да сын көтермейтінін нысандар – осы сөздің айғағы, - дейді сарапшы.
Айдар Әлібаев, экономист:
- Тапсырыс алушы мен мемлекет арасында келісімшарт жасалуы керек. Соның шеңберінде әр тараптың міндеті егжей-тегжейлі белгіленуі маңызды. Қандай да бір жобаны қолға алсаңыз, келісімшарт шеңберінде барлық шарттар келісіледі. Яғни, айыппұл, жаза, мерзім және тағы басқалары тайға таңба басқандай айқындалады. Сонда жауапкершіліктен жалтару қиынға соғар еді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те бұл саланы реформалауды тапсырды. Депутаттар құжатты жетілдіруге ерекше мән беруді қажет. Заңды әркім өз икеміне қарай бұрмай, жауапкершілікті күшейту тапсырылды. Қысқасы, енді екі тараптың да мүддесі ескеріліп, тексеру ісі ашық болуы талап етеледі. Сонда жемқорлық каупі сейіліп, мемлекеттік сатып алу қалың қарашаның игілігіне жұмыс істейді деген сенім бар.
Авторы: Бекзат Аманов.