Қосымша құн салығы көтерілмейді
Қазақстанда қосымша құн салығы көтерілмейді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді. Есесіне бюджет бүйірін толтырудың басқа жолдарын табу керек. Бұған дейін жаңа салық кодексі бойынша қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға көтеру көзделген еді. Алайда президент үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бастаманы қолдамайтынын, салықты көтеру арқылы мәселе шешілмейтінін айтқан болатын. Жаңа үкіметтің алғашқы отырысында тағы қандай түйткіл көтерілді?
Жаңа үкіметтің, алғашқы отырысы жаңадан қызметтеріне кіріскен 4 министрдің ант беру рәсімінен басталды. Үкімет жоспары өте ауқымды. Президенттің берген тапсырмаларын іске асыру шараларына жедел кіріскен. Жиында көтерілген мәселенің бәрі маңызды. Премьер-Министр сөзін әуелі экономикадан бастады. Биылғы меже экономикалық өсімді 6%- ға жеткізу. Осыған қатысты салалық ведомство басшыларына бір ай ішінде тиісті жоспар әзірлеп бекітуді тапсырды. Бастысы, еліміздің даму қарқынын бәсеңдетпеу қажет. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізу керектігін тапсырған болатын.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл ретте осы кезеңде біз кем дегенде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуымыз қажет. Инвестиция экономиканың өсуін ынталандырады, жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Инвестициялар Жалпы ішкі өнімнің өсуінің негізгі драйвері ретінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыру негізгі фактор болып табылады.
Отырыста көтерілген тағы бір мәселе - салық саясаты. Үкімет басшысы көптің күмәнін тудырған қосымша құн салығы көтерілмейтінін айтты. Бұған дейін Президент бюджетті толтыру үшін салықтың дұрыс жүйеленуін тапсырған еді. Бұл тұрғыдан сарапшылар қосымшы құн салығын осы деңгейде қалдыру арқылы көлеңкелі экономикаға тосқауыл боламыз дейді.
Бауыржан Ысқақов, сарапшы:
- ҚҚС-тың 12 пайыз болып қалуы ол сол салада қызмет жасайтын барлық кәсіпкерлер үшін тиімді, екіншіден, біз инфляциялық толқынның алдын алуға мүмкіндік алып отырмыз. Салық төлейтін кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын көбейтуді көздесек, онда салық жүйесінде жақсы жаңалықтар болады. Бюджеттік кісіс бөлігін ұлғайту Үкіметтің бірінші мәселесі. Инфляцияға әсер ететін сырттан келетін тауарлардың көптігінің өзі біздегі салық төлетін орындардығң еңсесін көтертпей отыр. Сондықтан біз бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің санын көбейтуді қолға алуымыз керек.
Осылайша Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге кірісті. Қаржы министрлігінің өз жоспары бар.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Қаңтар айынан бастап біз қосымша құн салығы бойынша өткен кезеңнің борыштарын қайтарып жатырмыз. Қосылған құн салығын қайтаруды жеңілдету және жеделдету үшін Министрлік бірінші тоқсанның соңына дейін қосылған құн салығын қайтару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізетін болады.
Енді елге қызмет ететін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі арта түседі. Олжас Бектенов ол үшін KPI-жүйесі енгізілетінін айтты. Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді. Осы тұста қызметіне енді кіріскен Ұлттық экономика министрі жоспарларымен бөлісті. Алдымен жалпы ішкі өнімнің өсімін қолға алатынын жеткізді.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Сонымен қатар отандық өндірушілерден мемлекеттік сатып алуды жұмылдыру және олардың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі жалпы ішкі өнімнің қосымша нақты өсуін қамтамасыз етуі керек. Салалық мемлекеттік органдар барлық қолда бар резервтерді ескере отырып, көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Ағымдағы жылы Бәйтерек және Самұрық-Қазына холдингтерінің еркін өтімділік резервтері басым инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы қымбатшылықтың алдын алуды тапсырды. Әрі бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін айтты.
Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов