Сиырға берілер субсидия көп

Елде жыл сайын малшаруашылығы саласын субсидиялауға шамамен 150 млрд теңге бағытталады.

Иә, ірі қара басын көбейту де басты назарда. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай өсім бар.

2000 жылдан бері елдегі ірі қара саны екі есе көбейіп, 8,5 млн-нан асты. Бір қызығы, ауылшаруашылығы кәсіпорындары мен халық шаруашылығындағы мал басы шамалас. Былтыр ғана сиыр бағып, несібесін көріп отырғандардың үлесі жеті пайызға артқан.

Сиыр саны өсіп келеді

2000 – 4,1 млн

2024 – 8,6 млн

Зеңгібаба түлігінің ең көп шоғырланған жері Түркістан облысы. Мұндағы мал басы 1 млн-нан асады. Тізімді Батыс Қазақстан облысы жалғайды. Абай, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл өңірлеріндегі көрсеткіш те айтарлықтай. Шамамен 700 мыңға жуықтайды. Тек Маңғыстау облысы малдың бұл түрін өсіруге ынталы емес. Табиғаты да қолайсыз. Соған қарамастан, шаруалар 21 мың бас ірі қараны өсіріп отыр.

Түркістан – 1 082,7 мың

Батыс Қазақстан – 856,7 мың

Абай – 696,6 мың

Ақтөбе – 669,2 мың

Алматы – 657,3 мың

Жамбыл – 530,2 мың

Сиырға берілер субсидия көп

Егемендік алған жылдары елдегі ірі қара саны 10 млн-ға жуықтапты. Кейінгі он жылдықта түрлі себептермен мал басы әжептәуір азайған. Бірақ үкімет саланы назардан тыс қалдырмады. Осыдан екі жыл бұрын етті және сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамытуға 60 млрд теңге бөлінді. Былтырғы көрсеткіш 70 млрд-тан асқан.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің шығындарын өтеу мақсатында мемлекет бес бағытты субсидия береді. Жіктер болсам, жайылым мен мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету, мал бордақылау алаңдарын салу, сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіруге арналған объектілерді құру, құрамажем зауытын салу сынды бағыттар бар.

Сүт ішкің келсе сиыр сау

Елде сиыр еті мен сүтіне сұраныс көп. Соған сәйкес қайта өңдеу саласына мемлекеттен қолдау қарастырылған. Ауылшаруашылығы министрлігі келтірген дерекке сүйенсек, жылына 6,5 млн тоннадай сүт өндіріледі. Оның дені жеке шаруашылықтардың еншісі. Сол себепті, қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтілетін ақ өнім жетпей жатады. Мәселені шешу үшін сүт тауарлы фермаларын көбейту маңызды.

Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасының басшысы:

- СҚО тәжірибесі бойынша жаңа мамандандырылған СТФ құрылып жатыр. Мысалы ол бағыт бойынша 100 млрд теңге бөлініп, жаңа фермалар салуға бағытталған. Жоспар бойынша осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында 65 жоба іске асуы тиіс.

Мұндай қаражат биыл да бөлінеді. Оған инфрақұрылым мәселесін шешу көзделеді. Ет экспорты да жолға қойылған. Оның үлесі 10 мың тоннадан асады. Негізгі нарық Өзбекстан, қазір оның қатарын Ресей мен Қытай толықтырмақ.

Сиыр өсірем десең, өрісіңді сайла

Енді жайылым жер жалға берілмейді. Сенат депутаттары жайылымдар туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады.

Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин азаматтарға жерлерді резервтеу мүмкіндігі берілетінін айтты. Тиісті құжатқа "қоғамдық жайылымдар" ұғымы да енгізіледі. Ол тек сауын сиырды күтіп-бағу үшін бөлінеді. Заң жобасында жайылымды пайдаланушылар мен олардың бірлестіктеріне мемлекеттік қолдау көрсету де ескерілген. Оған сай өтеусіз негізде суландыру құрылыстарын жүргізуге жол ашылады. Ал жеке аулада мал жаюға арналған жерлерді ауылшаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Құжат мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.

Мерей Мұратханқызы, 24.KZ