Ақпан-наурыз айларында инфляция төмендейді
Жаһандық инфляциямен күресте нені ескеру керек?
Халықаралық валюта қорының сарапшысы бүгін бірқатар ұсынысымен бөлісті. Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары Николя Бланшенің пікірін білсек.
Инфляцияның төмендеуі бәсеңдейді
Ақпан-наурыз айларында инфляция төмендейді. AERC қолданбалы экономикалық зерттеу орталығы талдау жүргізіп, осындай пайымға келді. Орталық бұған дейінгі талдауында бұл көрсеткішті сәл жоғарырақ қойған еді. Енді ол сәл төмендеді. Әйтсе де, сәуірде күшеюі мүмкін. Атап айтқанда, инфляцияның жылдамдауына бензин бағасының қымбаттауы әсер етуі мүмкін деген болжам бар. Сол себепті AERC: «инфляцияның мәні наурыз бен сәуірде теңесуі мүмкін», – деп отыр.
Қазақстандағы инфляцияның төмендеуі
Ақпан – 9,04%
Наурыз – 8,96%
Сәуір – 8,96%.
Жалпы дезинфляцияға, яғни оның бәсеңдеуіне 2 түрлі фактор әсер етеді ғой. Атап айтқанда, жалақының өсуі, ақша массасының артуы, төл валютаның тұрақтануы, базалық мөлшерлеменің түсуі сияқты ішкі фактор бар. Сонымен қатар сыртқы фактор да ықпалын тигізеді. Мәселен, Ресейдегі тұтынушылық бағаның айлық индексі өссе, импорт арқылы бізге кері әсерін тигізуі мүмкін. Екінші жағынан, әлемдегі азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі инфляцияны әлсіретеді. Сондықтан сарапшылар осындай екіұдай жағдайда нақты болжам айтуға қиналады.
Н. Бланше: Билік экономиканы реттемеуі тиіс
Қазақстан банктерді қадағалау мен қаржы жүйесін реттеуде біршама жақсы нәтижеге қол жеткізе алды. Бұл туралы онлайн-конференция кезінде Халықаралық валюта қорының сарапшылары айтты. Таяу Шығыс және Азия елдері департаменті директорының орынбасары Николя Бланшенің пікірінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атқарар шаруасы шаш етектен. Әсіресе банктерді жабу мен қайта құруда мәселе көп. «Мемлекет банктерді бұрынғыдай бюджет есебінен құтқаруын тоқтатуы керек», – дейді Николя Бланше. Сонымен қатар сарапшы қаржылық реттеуші мен Ұлттық Банктің дербестігін нығайтуға кеңес берді.
Николя Бланше, халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары:
- Экономика жекеменшік сектордың есебінен дамуы тиіс деген ұстанымдамыз. Мемлекет жеке кәсіпкерлердің бастамасына қолдау көрсетуге міндетті, бірақ басым рөлге ие болмауға тиіс. Билік экономиканы реттеумен айналыспауы шарт. Тағы бір мәселе, ақша-несие саясатының даму цикліне байланысты. Негізі 2022 жылдан бері Ұлттық Банк инфляцияны төмендету мақсатында базалық мөлшерлемені көтеру бойынша дұрыс шешім қабылдаған.
Доллар мен еуроға сұраныс көбейді
Қаңтарда АҚШ долларына сұраныс сәл азайды. Бұл туралы Ұлттық банктің кезекті есебінде айтылады. Бірінші айда айырбас бекеттері америкалық валютаны 190 млрд 1 млн теңгеге саудалаған. Желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда бұл 19%-ке төмен. Десе де 2023 жылдың қаңтарына қарағанда сұраныстың 66,5%-ке артқаны байқалады. Жалпы соңғы бір жылда еуроға да сұраныс көбейген екен. Мысалы, өткен айда 21 млрд 6 млн теңгенің саудасы қызды. Алдыңғы айға қарағанда бұл 66,5%-ке көп. Ал ресейлік рубльге сұраныс керісінше 17,3%-ке азайды. Сөйтіп, Ресей валютасы 4 млрд 8 млн-ға ғана саудаланыпты. Желтоқсанда теңгедегі саудасы 7 млрд 3 миллион шамасында болған еді.