Абай облысындағы балық цехының жұмысы жанданды
Абай облысының Тассай ауылында 10 жыл бойы тұралап қалған балық цехының жұмысы қайта жанданды.
Жылына 30 тонна балық етін өңдейтін шағын кәсіпорында 50-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Бірақ өңірде кәсіптің бұл түрінде бірсыпыра кедергі бар.
Сәуле Нұршинаның балық цехындағы жұмысы таңсәріден басталады. Тассай ауылының тұрғыны 7 айдан бері қаптаушы болып істейді.
Сәуле Нұршина, Тассай ауылының тұрғыны:
- Енді бұл жердің жұмысы таңғы сағат алтыдан басталады. Әкелген балықты қабылдап алады балықшылар. Қыздар өздерінің жұмыстарын істейді. Кеседі, резка жасайды. Одан кейін қыздар раскладка жасайды. Содан кейін сағат 12-ге дейін жұмысты бітіреді қыздар өздері. Содан кейін қатыруға тоңазытқышқа кіргізеді.
Он жылдан кейін қайта жанданған цехта күніне 1 тонна көксерке еті өңделеді. Әрі қарай Еуропаға экспортталады. Шағын кәсіпорында 50 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. «Балық аулау көлемін ұлғайтса, елді мекен тұрғындарын көбірек жұмысқа алар едік», - дейді цех басшысы.
Жанат Ибрагимов, балық цехының басшысы:
- Лимит міне 30 тонна судак беріледі. Жылына. Біз 30 тоннаны бір айдың ішінде бітіріп тастаймыз. Балық жоқ емес, участогымызда бар. Лимит аз ғана беріліп тұр. Участоктың тапсырмасын, бәрін, орындап жатырмыз. Бағдарламасын бәрін. Уылдырық сатып алдық екі миллионға. Өзенге қоя береміз.
Тассай ауылында мыңға тарта адам тұрады. Тұрғындардың дені Зайсан көлінен балық аулайды. Бірақ соңғы уақытта кәсіптің бұл түрінде кедергілер көбейген. Себебі көлден бір участок ғана беріледі.
Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- Тағы бір мәселе болып тұр. Бір участок аз болып тұр оларға. Енді тағы бір участок алу жөнінде қазір жұмыс жүргізіп жатырмыз. Енді тағы бір участок алатын болсақ, онда үлкен бір жақсы жұмыс болайын деп тұр. Жаңағы 70 емес, 120-дай адамды жұмыспен қамтамасыз етуге болады. Себебі Тассай балықшылардың ауылы. Ол жерде балықпен айналысу керек.
Алдағы уақытта балық цехы кеңейтіледі. Қазір мұнда күніне 5 тонна балық өңдейтін зауыт салынып жатыр. Өңірде балық шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. Халықаралық және республикалық маңызы бар өзен-көлдерден бөлек 40-қа жуық су қоймасы бар. Соның ішінде 12 су айдынында тауарлы балық өсіріледі.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов