ҚТЖ мерекеге орай қосымша пойыздар шығарады
Мерекеге орай жолға шығатын пойыздар «Астана-Алматы», «Астана-Шымкент» және «Ақтөбе-Шымкент» бағыттары бойынша қатынайды.
Сондай-ақ кісі аяғы қалың бағыттар бойынша вагондар саны ұлғаяды. Яғни 237 вагон жаңадан тіркеледі.
Электр пойыздары да назардан тыс қалмайды. Әсіресе Астанадан жүретін «электричкалардың» саны артады. Бұл орайда елордадан Павлодар, Көкшетау және Бурабайға баратын пойыздар көбейеді.
Жыл сайын 100 вагон сатып алады
Саны көбейді, сапасы қандай? Сөз орайы келгенде осы мәселе туралы сөз қозғасақ.
Былтыр ел бойынша 14 млн адам пойызбен сапар шегіпті. Әлеуметтік желіде вагондардың күйіне көңілі толмаған немесе жайлы екенін айтып, разылық білдірген бейнероликтер жеткілікті.
Қазір елде 2600-ден астам вагон бар. Бірақ бұлардың жартысынан астамы тозған. Бұл вагондарды жаңарту бағытында жүйелі жоспар түзілді. Мәселен, Көлік министрлігі жыл сайын 100 жаңа вагон сатып алуды көздеп отыр.
ВАГОНДАР САНЫ /2023 жыл/
2600 жолаушылар вагоны
136 мың жүк вагоны
Сәтжан Өзбеков, ҚР Көлік министрлігі теміржол инфрақұрылымы басқармасының басшысы:
- Осы жылы да 100-ден аса вагон сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін 300-ге жуық вагон сатып алынады. Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, бізде қазір «Штадлер» компаниясымен бірлесіп, отандық вагон өндірісін жаңартып, қазіргі заманға сай вагондар өндірісін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. 25-ші жылдан бастап сол вагондар іске қосылатын болады. Жалпы 2029 жылға дейін «Штадлер» технологиясымен 500-ден аса вагон сатып алынайын деп отыр.
Жүк вагондарын да жаңарту қажет. Себебі елде бар 136 мың вагонның 44 проценті ескіріпті. Бұл әрине логистика сапасына кері әсер етеді. Жүкті жеткізу уақыты созылып кетеді, салдарынан бизнес құрылымдар, олардың қызметіне жүгінген тұтынушылар зардап шегеді. Үкімет тарапынан вагондар паркін жаңартуға күш салынып отыр. Былтыр 3 мың жүк вагонын сатып алу туралы келісімшарт жасалды. Ұлттық тасымалдаушы «Қазақстан темір жолы» компаниясына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Себебі, елдегі 2600 жолаушылар вагонының 2100-і осы компанияға тиесілі. Сондықтан «ҚТЖ» локомотивтерді де көбейтуге мүдделі. Былтыр компания өз қаржысына 113 локомотив сатып алды. Ал 2030 жылға дейін тағы 600 локомотив алуы тиіс.
1300 шақырым теміржол салынады
Еуразияның кіндігінде жатқан Қазақстан үшін логистика маңызды сала. Ел аумағымен 13 халықаралық дәліз өтеді. Оның бесеуі теміржол желісі.
Былтыр транзиттік тасымалдың жалпы көлемі 21 пайызға өсіп, 30 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш биыл жақсара түсері сөзсіз. Себебі, былтыр елде 4 жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Соның бірі – «Бақты – Аягөз» желісі. Жаңа жол Қазақстан мен Қытай арасындағы алыс-берісті 28 млн тоннадан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтады.
Сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы қолға алынды. Бұл жол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты нығайтып, республиканың транзиттік әлеуетін көтереді. Сөйтіп, отандық тауар өндірушілер Парсы шығанағы мен Үндістанға тікелей шығуға мүмкіндік алмақ.
Ал Алматыны айналып өтетін теміржолдың арқасында Алматы торабына түсетін жүктеме 40 пайызға азаяды. Сонымен қатар «Достық – Мойынты» арасындағы екінші учаске іске қосылғанда Қытайға баратын пойыздардың көлемі 5 есе артады.
Қазақстанда кейінгі 30 жылда 2500 шақырым жол салынған екен. Ал Үкіметтің қазіргі жоспарына сүйенсек, алдағы 3-4 жылда 1300 шақырымнан астам жол салынады. Әрине бұл жобалар логистикалық әлеуетімізді арттыратыны анық.
Теміржол құрылысы
30 жылда 2500 шақырым салынды
4 жылда 1300 шақырым салынады