Үкімет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары аяқталды
Премьер-Министр Олжас Бектенов бүгін жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды, деп хабарлайды 24KZ.
Үкімет басшысы алдымен Қожа Ахмет Яcсауи кесенесіне аялдап, тарихи нысанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарымен танысты. Одан кейін бірнеше әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарда болып, құрылыс барысын бақылады.
Үкімет басшысы алдымен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген Яссауи кесенесіне барды. Соңғы 3-4 жылдан бері тарихи нысанның қабырғалары тұзданып, сыз тарта бастаған еді. Соның себебін анықтау үшін былтыр мұнда ғылыми зерттеу жұмыстары басталған болатын. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Қазір кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған.
Мәулен Садықбеков, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:
- Кешенді түрде ондаған бағыт бойынша зерттеліп, нәтижесі алынып, болашақта кесенеге қандай бағытта қалпына келтіру жұмыстар жүргізіледі деген мәселе шешімін табады.Үлкен ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазір жұмыс біршеме деңгейге дейін жетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Сондықтан оның тарихи келбетін сақтауымыз керек. Ол – біздің ортақ міндетіміз. Үкімет тарапынан да қолдау болады. Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді. Қазір зерттеулерді дұрыстап жүргізіп, нәтижесін алып, соған сай шара қабылдау керек.
Түркістан облысында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 3 мың 147 канал бар. Бірақ оның көбі әбден ескірген. Олжас Бектенов өңірдегі ағын су мәселесіне жауапты «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральдық канал және 103 ішкі шаруашылық аралық канал бар. Су тапшылығын болдырмауда каналдарды толық бетондаудың маңызы зор. Жалпы соңғы 5 жылда өңірде 245 шақырым канал бетондалып, 1100 шақырым қашыртқы тазаланған. Нәтижесінде 61 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарған. Алайда Үкімет басшысы халық су үнемдеуді үйренбей, тапшылық мәселесін шешілмейтінін жеткізді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ең бастысы, бірінші кезекте біз суды үнемдеуіміз керек. Су үнемдеу мәдениеті болуы керек бізде. Соны қалыптастыру керек. Ол – үлкен маңызды міндет. Сондықтан қазір барлық мекеме соған атсалысу керек.
Сапар барысында Премьер-министр «Қосқорған» су қоймасында болды. Жергілікті билік өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған нысанның да тозып тұрғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Үкімет басшысына жылдық қуаты 20 мың дана өнім шығаратын трансформатор зауытының жұмысы таныстырылды. Одан кейін Олжас Бектенов Кентаудағы жылу орталығына барды. Жиі істен шығатын жылу қазандықтарының жұмысын бақылап, кемшілікті жоюды тапсырды.
Серік Қайратұлы, жылу энерго орталығының директоры:
- Қорымыздағы екі қазандығымызды 2025 жылы қайта құру жұмыстары толық аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі күні станцияда 4 қазандық тұрақты жұмыс атқарып жатыр. Сыртқы ауа температураға сәйкес жылу өндіріп жатырмыз.
Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарының соңында Премьер-министр елімізде баламасы жоқ, халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысымен танысты. Алайда жауаптылар қаражат тапшылығы жобаның толық жүзеге асуына қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Ол үшін қосымша 3 млрд теңге қажет екенін айтты. Жағдаймен жете танысқан Олжас Бектенов Үкімет көмектесетінін айтып, Орталық Азиядағы үздік спорт кешенінің құрылысын биыл аяқтауға тапсырма берді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.