Визасыз режим: Қазақстан мен Қытай арасында байланыс күшейді
Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілгелі өзара барыс-келіс көбейіп, сауда жанданып, ынтымақтастық артты, деп хабарлайды 24KZ.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында екі елдің шекарасынан кіріп-шыққан адам саны өткен жылмен салыстырғанда 200% -тен асқан.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілгелі бері екіжақты экономикалық байланыс күшейді. Әсіресе сауда-саттыққа қолайлы жағдай туды. Қазір тәулік сайын мыңдаған адам қазақ-қытай шекарасынан өтеді. Барыс-келіс артты. Кәсіпкерлер, саяхатшылар, білім қуып, ем іздегендер үшін өте тиімді. Көк паспортты көрсетіп 30 күнге дейін еркін жүре алады.
Біраз жылдан бері Қытайдан Қазақстанға аяқ киім алып келіп сатумен айналысып жүрген Ержан Қаршыбеков – қазір тәжірибелі кәсіпкер. Сауданың көзін тауып, Қытайдың Бейжің, Үрімші, Гуанчжоу сияқты ірі-ірі қалаларындағы зауыт, фабрикаларымен байланыс орнатқан. Жас жігіт бұған дейін екі елдің шекарасын кесіп өткенде құжат рәсімдеу кезіндегі кедергілерді қиналып еске алады.
Ержан Қаршыбеков, кәсіпкер:
- Бұрындары өте қиын еді. Алдын ала уақыт табасың бір ай бұрын. Барып, кезекке жазыласың. Арада делдал болады. Оған ақша бересің. Мүмкін рұқсат бермей қоюы да мүмкін. Қазір құжатымызды көрсетеміз, кедендік бақылаудан өтеміз, болды. Ендігі мәселе рейстер санын көбейтіп, билеттер бағасын сәл қолайлы қылсақ...
Қытайлық тауар өндірушілердің де кәсібі өрлеп тұр. Олар Қазақстаннан келетін сатып алушылардың көбейгендігін айтады. Кейбіреуі сұранысты қамтамасыз ету үшін демалыссыз жұмыс істейтін болған.
Цзэн Цуянь, кәсіпкер:
- Пандемия кезінде жұмыс тұралап қалды. Фабрика жұмысын тоқтаттық. Қазір сауда қайта жанданды. Сенімді серіктестермен байланыс орнатылған. Аяқ-киімдерге Ресей мен Қазақстаннан сұраныс көбейді. Мен Қазақстанға жыл басынан бері 300 мың дана жаздық аяқ-киім жібердім.
Қытайға кіріп-шығатын жолаушылардың дені Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы арқылы жүреді. Шекаралық бекеттердің ішінде Қорғас порты көш бастап тұр.
Лэй Сяося, Қорғас кедендік қадағалау департаментінің қызметкері:
- Халықаралық бекеттен өтетін жүк көліктерінің нөпірі артты. Логистикалық компаниялар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Ал, шекарадан өтетін адам саны тәулігіне 1600 адамнан 3 мың адамға дейін жетеді. Бұл – бір ғана Қорғастағы көрсеткіш.
Қытай кедендік қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан мен Қытай шекарасынан Шыңжаң арқылы кіріп-шыққан адам саны 220 мыңнан асқан.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 211%-ке көп. Үстіміздегі жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланды. Сарапшылар алдағы маусымда саяхатшылар саны арта түсетініне сенімді.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.