Қазақстанда IT мамандар жетіспейді
Елде Айти қызметкерлері, атап айтқанда жасанды интеллект өнімдерін жасайтын тәжірибелі кадрлар тапшы.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алдында айти қызметтерінің экспортын 1 миллиард долларға ұлғайту міндеті тұр. Маман болмаса ведомство межеге қалай жетпек?
Астаналық Элина Кимнің «бағдарламашы» мамандығы бойынша дипломы бар. 5 жыл мектеп мұғалімі қызметін атқарып, қазір айти салаға бет бұрды. Бір жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы өтінім беріп, тегін оқыту курсын жеңіп алыпты. Қазір балаларға компьютер арқылы түрлі ойын жасауды үйретіп жүр.
Элина Ким, қала тұрғыны:
- Тегін оқыту курсын аяқтаған соң бірден жұмысқа кірістім. Курстың бергені көп болды. Қазір балаларға графиканы 3Д әдісімен модельдеу бойынша сабақ беремін. Жұмысым өзіме ұнайды.
Былтыр елімізде Айти мамандығы бойынша 35 мыңға жуық адам білім алған. Сарапшылардың айтуынша, қазір еңбек нарығында олардың көптігі байқалады. Алайда салалық бөлініске келгенде, тапшылық бар.
Батыржан Шақманов, IT және ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшысы:
- «Айти» деген түсінік бар, алайда ол бірнеше салаға бөлінеді. Мысалы жасанды интеллект, дата-сараптау, өніммен жұмыс істейтін қызмет түрі міне Қазақстанда осындай мамандар тапшы. Бірі екіншісіне ұқсамайды. Жұмыс ауқымы да әртүрлі.
2025 жылға қарай Айти қызметтерінің экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту қажет. Иә, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алдында осындай міндет тұр. Мамандардың айтуынша, саладағы тәжірибесі жоқ қызметкерлермен мұндай көрсеткішке жету мүмкін емес. Сондықтан ведомство, шетелдік Айти мамандарын елге тартуды көздеп отыр.
Ерсұлтан Ерманов, ҚР ЦДИАӨМ IT саласын дамыту департаментінің директоры:
- Қазақстанға жоғары білімді Айти мамандарын тартамыз. Олар елдегі сала мамандарымен тәжірибе алмасып, олардың біліктілігін арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ министрліктің белгіленген межесіне жетуге мүмкіндік береді. Қазір кадр тапшылығын жою жұмыстарына барынша күш салып жатырмыз.
Министрлік алдағы уақытта Айти мамандық бойынша оқу орындарына бөлінетін гранттың санын арттыруды көздеп отыр. Осылайша саланы дамытып, кадр тапшылығын жоюды қолға алған.
Альмира Оразбай, Ербол Даиров