Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы Сенат қарауына жолданды

Енді тендер бойынша тапсырысты атқаратын компанияны бұрынғыдай арнайы комиссия емес, автоматтандырылған жүйе анықтайды.

Ал, өтінішті қарау мерзімі 2 айдан 1 айға дейін қысқарады. Бүгін Мәжіліс осындай жаңашылдықтарды көздейтін мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Тапсырыстың тиянақты орындалуы қоғамдық бақылауда болады. Төменгі палата мақұлдаған заң жобасы Сенаттың қарауына жолданды.

Бітпейтін даулар, ұзақ уақыт қарау мен «тазалықтың» жоқтығы. 2015 жылы қабылданған Мемлекеттік сатып алу туралы заңды сынаған Президент осылай деген болатын. Былтыр мемлекеттік сатып алудағы 6 трлн 600 миллиард теңгенің 1,6 трлн теңгесі бір көзден сатып алу арқылы үлестірілген. Демек қыруар қаржы бәсекелестік жоқ ортада оңды-солды берілген.

Бүгін Мәжіліс бұл олқылықтарды түзейтін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың тағы бір ұтымды тұсы, жемқорлықтың алдын алу мүмкіндігі кеңейеді.

Дәурен Кеңбеил, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Орындалатын жұмыстардың бақылауы, біздің тапсырыс берушілер технадзорға сеніп қалады да, өздері кей кезде шықпайды. Сондықтан біз осы заң бойынша қоғамдық мониторинг институтын енгізіп отырмыз. Ол жақында қабылданған қоғамдық бақылау заңымен үйлестіріледі. Екіншіден, біздің тапсырыс берушілерге жұмыстың орындалу барысы туралы ақпаратты мемлекеттік сатып алу порталына және өздерінің сайттарына жариялау туралы міндеттеме беріп отырмыз.

Заң аясында сатып алынатын тауарлар мен атқарылатын жұмыстың сапасы артады. Мемлекеттік сатып алу үрдісі оңтайландырылады. Сонымен қатар енді қазақстандықтар тендерді ұтып алған компания өзіне жүктелген міндетті қалай орындап жатқанын бақылай алады. Тіпті қызмет көрсетушілердің арнайы рейтингі де құрылатын болады.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншісі тәжірибесі бар, салықтан қарыздары жоқ, айлықтан қарыздары жоқ бір «колонка» болады. Екіншісі өңірлерде болатын болса, оған плюс балл қосылады. Тағы сол жердегі материалдық-техникалық ресурстары қолданылады. Мынау ақпараттық жүйе дейді, сол жерде барлық қатысатын кәсіпорындардың базасы құрылады. Тендерге қатысқанда сол мәліметтер алынып отырады. Ол жерде адамның қатысы жоқ.

Айта кету керек, құжат аясында қосалқы мердігерлерге берілетін жұмыс көлемін 30%-ке дейін қысқарту көзделген. Сонымен қатар конкурста жоқ компанияларды тартуға толық тыйым салынатынады. Ал ауыл әкімдіктерінде 15 млн теңгеге дейін бір көзден сатып алуға мүмкіндігі болады. Заң жобасы Сенат депутаттарының қарауына жолданды.

Авторлары: Риат Шони, Ырыстанбек Оспанов.