Елімізде коллекторлардың қызметі шектелуі мүмкін

Борышкерді жағдан алып жүрген коллекторлардың қызметі шектелуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Осы және несиеге қатысты өзге де заң жобасын Парламенттің қос палатасы кезек қарап, бір шешімге келуге тиіс.

Жалпы елдегі 1,7 млн азамат банктерге берешек. Проблемалық несие көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен. Жалпы халықтың 84%-інің мойнында несие бар. Қарыз қамытына мойын ұсынған қарашаның жайы қалай шешіледі? Депутаттар қандай жол ұсынып отыр?

Қарызынан құтылуға қауқарсыз қазақстандықтардың қарасы қалың. Елде 1,7 млн азамат банктерге берешек. Олардың кешіктірілген кредиттерінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен. Ал бас-аяғы халықтың 84%-інде несие бар. Күн санап көбейіп келетін бұл кеселдің жолын кесуге Президент пәрмен берген. Осы мақсатта Мәжіліс депутаттары заң жобасына өзгеріс енгізуге кіріскен-ді. Кеше құжат Сенатта қаралды.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 2023 жылы мұндай кредиттердің сомасы өткен жылмен салыстырғанда 41,6%-ке, оның ішінде берешегі 90 күннен асқан 22%-ке өсіп отыр. Ол бір. Нәтижесінде ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша коллекторлық агенттіктердің қоржындарында бүгінгі күні 382 млрд теңгені құрайтын 890 мың қарыз алушы бойынша деректер табылып отыр. Бұл енді жалпы қуанбайтындай жағдай.

Кеше сенаторлар қарызға құмар халықтың мәселесін заңмен реттеуге кірісті. Әйтпегенде, біздегі бұқараның несиеге деген тәбеті тым қатты. Сонымен құжатта қандай бастамалар қамтылған? Депутаттар алдымен кредитті 90 күннен кешіктіргендерге екінші мәрте несие рәсімдеуге қарсы. Заң күшіне енсе, алда қарыз алу үшін қабырғаңызбен кеңесуге тура келуі мүмкін. Сондай-ақ киберқылмысты болдырмау үшін қаржылық ұйымдар электронды қарыз беру кезінде клиентті биометриялық сәйкестендіруден өткізеді.

Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Азаматтарды құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында заңда камелетке толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруды тыйым салуды енгізу. Сондай-ақ қарыз алушының банктік шотындағы ақша сомасын ең төменгі күнкөріс денгейін бір еселенген мөлшерінен екі есеге ұлғайту жөніндегі түзетулер көзделеді. Бұл жақсы бастамалар, бірақ өмірде әртүрлі жағдайлар болады . Мысалы күнкөріс көзі адамның жалғыз табыс көзі мына автокөлігі немесе арнайы құрал-сайманы болуы мүмкін.

Сонымен бірге Отан алдындағы борышын өтеушілердің қарызын кейінге қалдыру тағы 60 күнге ұзартылуы мүмкін. Бұл жұмысынан шығып қалған офицерлерге де қатысты. Яғни, сарбаз әскерден келгеннен кейін және қызметкер запасқа шыққаннан кейін екі ай мерзім беріледі. Ал жауапты агенттік «несие санын азайту үшін тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру тетіктерін іздейміз», дейді.

Олжас Қизатов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:

- Қазіргі уақытта қаржылық сауаттылығын арттыру біздің агенттікте ең маңызды бағыттың бірі болып табылады. Бізде жыл сайын әлеуметтік сауал жүргізіледі. Сол әлеуметтік сауалдың қорытындысы бойынша жалпы қаржылық сауаттылықты арттыруда жалпы халықтың үлесі 40,5%-ті құрады. Бұл біздің нақты көрсеткішіміз болды. Сол көрсеткішке қол жеткіздік.

Сондай-ақ алда қаржы ұйымдарына азаматтардың қарыздарын коллекторларға сатуға мораторий жариялануы мүмкін. Депутаттар тыйымды 2026 жылдың 1 мамырына дейін салу керектігін сөз етті. Бұл дегеніңіз, халықтың қорқынышты түсіне айналған кредит өндірушілердің жұмысына шектеу қойылады деген сөз. Жиын соңында заң жобасын қайта қарау үшін төменгі палатаға қайтарылды. Алда құжат әлі де Мәжіліс қабырғасында пысықталады. Жауаптылар қарашаны қарыз қамытынан құтқарудың тиімті тетіктерін табуға міндетті.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы