Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері бас қосты

Бішкекте Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері бас қосты, деп хабарлайды 24KZ.

Кездесуде аймақ мемлекеттерінің экономикасындағы әйелдер рөлі талқыланды. Қатысушылар ауқымды іс-шарада цифрлық, әлеуметтік және экологиялық инновациялар жөнінде пікір алмасты.

Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 40%-і әйелдер басқарып отырған бизнестің үлесінде. Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева осылай деді. Оның айтуынша, біздің ел әйелдерді бизнестің түрлі бағыттарына тартуға үлкен мән беріп отыр. Әсіресе, цифрландыру мен ІТ-технологиялар секілді инновациялық жобаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осылайша, дәстүрлі бизнес түрлерінен индустриалды бағыттарға қарай көбірек басымдық берілуде.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Еліміздің барлық өңірлері мен ірі қалаларында әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығын аштық. Олар қажетті ақпарат пен қаржыландыру алып, кәсіби қауымдастықтар көмегіне жүгінуіне мүмкіндік береді. Бүгінге дейін 9 мыңнан астам әйелге осындай қызмет көрсетілген. Қазір нәзік жандар жаңа мамандықтарды игеріп, өз өндірістерін ашып жатыр.

Форумға қатысушылардың пікірінше, кейінгі жылдары әйел құқықтарын сақтау мен отбасы қауіпсіздігін қорғауға көп көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі уақытта билік құрылымдарында гендерлік теңдік бірте-бірте қалыпты жағдайға айналып бара жатқанымен, отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өңірлерде әлі де өзекті. Осыған байланысты қатысушылар Орталық Азия елдерінің парламенттерін мұндай жәбірдің алдын алу үшін тиімді заңнамалық база құруға шақырды.

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің төрағасы:

- Биыл сәуір айында Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтетін заң жобасы бекітілді. Құжат халықаралық құрылымдармен ең прогрессивті, халықаралық стандарттарға сай деген бағаға ие.

Былтыр Орталық Азия көшбасшы әйелдер диалогы Қазақстанда өткен еді. Биыл ол қырғыз жерінде ұйымдастырылып отыр. Форум барысында тараптар осы диалогқа қатысушы мемлекеттердің экономикалық интеграциясын күшейту мақсатында әйелдер бастамаларын қолдаудың Орталық Азия қорын құру идеясын ұсынды.