Жамбыл облысында диқандар субсидияға қол жеткізе алмай отыр

Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламамен ауылшаруашылық техникасын алған диқандар субсидияға қол жеткізе алмай отыр. 

Өңірдегі 40 кооператив мүшелері несие рәсімдеп, 800 миллион теңгеге техника алған.

Ауыл аманаты жобасының шарты бойынша, жұмсалған қаржының 50 пайызын мемлекет өтеп беруге тиіс еді. Бірақ бір апта бұрын талап өзгерген. Енді шаруалар бар қаржыны өздері өтеуге мәжбүр. Тараптарды Мерей Бает тыңдап келді. 

Әбілнұр Ахметов бастаған кооператив шаруалары былтыр Ауыл аманаты жобасы арқылы 50 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Сөйтіп, Қытайдан 4 трактор тапсырыс берген. Тірлігін тіктеп техниканың қарызын өтер кезде, «шетелдік техникаға субсидия төленбейді» деген шешім шықты. Шаруа, техника алар кезде мұндай талап болмағанын айтып отыр. 

Әбілнұр Ахметов, кооператив төрағасы:

- Бізді алдады, неге табан астында бізге айтпай, субсидияның бәрін алып тастады. Төлемейтінін білгенде мұндай техниканы алмайтын едік. Өзіміздің Қазақстанның техникасын алатын едік қой.

“Ауыл аманаты” жобасы аймақта 5 жыл бұрын басталған. Диқандарға 2,5 %-пен несие қаралып, техника алса жартысын мемлекет өтейді, деп де уәде берген. Ол үшін шаруалар кооперативке бірігіп, сырттан техника алады. Бірақ бір апта бұрын жоба талабы өзгеріп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі тек отандық техниканы алу керек, деп ереже шығарған. 

Әділхан Темірбеков, кооператив төрағасы:

- 70 млн-ға техника алдым ба, мен 54 млн залог қойғам. Квартира. Соның бәрін төлей алмасақ, квартирамды алып алады ғой. Айтады менің шаруам жоқ, сен договорға қол қойғансың. Сондықтан біздің шартымыз 50 пайыз субсидиясын төлесін бастапқы айтылған.

Министрліктің бұл шешімін ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да түсінбей дал. Мұны асығыс шешім деп отыр. Десе де, шаруалардың жағдайын ескеріп, олардың несиесін жеңілдету үшін министрлікке ұсыныс хат жолдамақ. 

Төлебек Құлекеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының  орынбасары: 

- Бұл жерде қағиданы керек емес уақытта өзгеріске енгізуі ғой былайша айтқанда ше. Шаруалардың, кооперативтердің осындай басқа елден алған техникалардың есебін шығара отырып, содан кейін қағидаға өзгеріс енгізуді қарастыру керек деп ойлаймын. Ол кісілер бір бөлек ұсыныс жазады. Ауыл шарушылығы министрлігіне біз өзімізден бір бөлек ұсыныс жазамыз.

Жаңа талап отандық өнімді қолдауға бағытталған, - дейді ауыш шаруашылығы басқармасының мамандары. Бірақ ереженің бірден өзгеруі шаруаларға қиындық тудырып отыр. Ал мәселенің шешімі қалай боларын, уақыт көрсетеді. Жалпы былтыр өңірде ауыл шаруашылығы техникалары үшін диқандарға 1,5 млрд теңге субсидия төленді. 

Мерей Бает, Елдар Байділдә